2GIS пен «Яндекс» кәсіпкерлер туралы деректерді салық органдарына беруі мүмкін - kaz.caravan.kz
  • $ 447.73
  • € 502.98
+14 °C
Алматы
2026 Жыл
5 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2GIS пен «Яндекс» кәсіпкерлер туралы деректерді салық органдарына беруі мүмкін

2GIS пен «Яндекс» кәсіпкерлер туралы деректерді салық органдарына беруі мүмкін

Елімізде салықтық бақылауды цифрландыруға бағытталған жаңа өзгерістер ұсынылды.

  • 5 Қазан
  • 21
Фото - Caravan.kz

Ұлттық экономика министрлігі «Ашық НҚА» порталында Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын жариялады. Құжатта маркетплейстерге, банктерге, цифрлық платформаларға және «Алтын виза» иелеріне қатысты бірқатар жаңа талаптар қарастырылған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Маркетплейстер мен банктер салық агентіне айналуы мүмкін

Заң жобасына сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап банктерді, агрегаторлар мен маркетплейстерді салық агенттері санатына қосу ұсынылады.

Бұл ретте аталған платформалар өз клиенттері туралы белгілі бір ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына беруге қатысады. Министрлік мұндай тетікті салықтық бақылауды автоматтандыру және азаматтар мен кәсіпкерлердің кірістерін толық есепке алу қажеттілігімен түсіндіреді.

Қазірдің өзінде кейбір интернет-платформалар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты салық агентінің функцияларын атқарып отыр. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жүйеге 45 интернет-платформа қосылған. Олар 597 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат үшін әлеуметтік төлемдерді ұстап, бюджетке 9,9 млрд теңге аударған.

Заң жобасында маркетплейстер арқылы жалпы құны 2 трлн теңгенің тауары сатылғаны көрсетілген. Оның 200 млрд теңгеден астамы тауардың шығу тегін растайтын құжаттарсыз сатылған.

Осыған байланысты заң жобасында мұндай сатушылардың маркетплейстегі аккаунттарын бұғаттау ұсынылып отыр. Бұл норма да 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілуі мүмкін.

2GIS пен «Яндекс» салық органдарына қандай дерек береді?

Заң жобасындағы назар аударарлық өзгерістердің бірі цифрлық карталар мен навигациялық сервистерге қатысты.

Құжатқа сәйкес, мұндай платформалардың иелеріне кәсіпкерлік нысандары туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына беру міндетін жүктеу ұсынылады.

Заң жобасының салыстырмалы кестесінде 2GIS пен «Яндекс» сервистері нақты аталған.

Салық органдарына кәсіпкерлік нысандар туралы бірқатар мәлімет берілуі мүмкін. Олардың қатарында:

  • нысанның координаттары;
  • маршруттар;
  • тапсырыстар саны;
  • іздеу сұраулары;
  • нысанға келушілер саны;
  • пайдаланушылардың белсенділігі туралы деректер бар.

Яғни салық органдары цифрлық карталар мен навигациялық сервистердегі ақпаратты өздеріндегі мәліметтермен салыстыра алады.

Мысалы, белгілі бір нысан карта сервисінде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік объектісі ретінде көрсетілгенімен, ол туралы салық органдарында тиісті ақпарат болмаса, мұндай сәйкессіздік қосымша бақылауға негіз болуы мүмкін.

Жоба авторлары бұл тетікті көлеңкелі кәсіпкерлікті анықтау және камералдық бақылау жүргізу үшін пайдалануды ұсынады.

Бұл талапты 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу көзделген.

«Алтын виза» иелеріне салықтық жеңілдіктер ұсынылды

Заң жобасында инвесторлар мен «Алтын виза» иелеріне, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне қатысты салықтық жеңілдіктер де қарастырылған.

Оларды жеке табыс салығынан, мүлік және жер салықтарынан босату ұсынылады. Сонымен қатар декларация тапсыру міндетінен босату көзделген.

Бұдан бөлек, инвесторлар құрған инфрақұрылым нысандарына жұмсалған шығындарды салық түсімдері есебінен өтеу тетігі ұсынылып отыр.

Заң жобасында цифрлық активтермен жасалатын операцияларға қатысты да өзгеріс бар. Атап айтқанда, азаматтарды цифрлық активтермен операциялардан түсетін салықтан босату ұсынылған.

Заң жобасындағы ұсыныстардың барлығы әзірге түпкілікті қабылданған норма емес. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, белгіленген тәртіппен талқылауға шығарылды. Сондықтан талқылау барысында жекелеген талаптар өзгеруі немесе толықтырылуы мүмкін.