Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сыртқы істер министрі 2026 жылғы 28 қыркүйектегі бұйрығымен Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұрақты және уақытша тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке алу қағидаларын жаңа редакцияда бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қағидалар Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұрақты және уақытша тұратын азаматтарды есепке қою және есептен шығару тәртібін, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұрақты және уақытша тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою» және «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұрақты және уақытша тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарын есептен шығару» мемлекеттік қызметтерін көрсету тәртібін айқындайды.
Қағидалар шетел азаматтарына асырап алуға берілген, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын балаларды есепке алу кезінде қолданылмайды.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұрақты және уақытша тұратын азаматтарды есепке алуды тиісті консулдық округ аумағындағы шетелдегі мекемелер жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелде есепке алудың мақсаты:
- олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
- олардың жүрген мемлекетінің заңнамасында, Қазақстан Республикасы мен сол мемлекет қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарда, сондай-ақ халықаралық әдет-ғұрыптарда көзделген барлық құқықтарды пайдалануына жан-жақты жәрдемдесу.
Есепке қою
Есепке тұру үшін шетелдегі мекемеге мынадай құжаттарды ұсыну қажет.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұрақты тұратын азаматтарды есепке қою үшін:
- Жеке басты куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін).
- Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге арналған құжаттарды ресімдеу туралы шешім немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге рұқсаттың ресімделгені туралы хабарлама (салыстырып тексеру үшін).
- Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұрақты тұратын азаматтардың толтырылған есепке алу карточкасы (есепке алу карточкасы).
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде уақытша тұратын азаматтарды есепке қою үшін:
- жеке басты куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
- Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде уақытша тұратын азаматтардың толтырылған есепке алу карточкасы (карточка).
Басқа мемлекетке уақытша тұру үшін баратын Қазақстан Республикасының азаматтарына шетелдегі мекеменің персоналы, шетелдерде уақытша еңбек қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматтары, Қазақстан Республикасына бекітілген квоталарға сәйкес халықаралық ұйымдардағы лауазымдарға тағайындалған азаматтар, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындауға жіберілген әскери қызметшілер, сондай-ақ шетелдерде оқуда, емделуде, туристік және жеке сапарда, ұйымдар мен жеке тұлғалардың шақыруымен немесе қызметтік іссапарда жүрген адамдар жатады.
Көрсетілетін қызметті алушы ұсынған өтініште немесе құжаттарда қателер не дәлсіздіктер анықталған, олар талаптарға сәйкес келмеген немесе құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші өтінішті цифрлық күту парағы арқылы қабылдап, еркін нысанда тиісті қолхат береді.
Көрсетілетін қызметті беруші келіп түскен құжаттарды бір жұмыс күні ішінде қарайды. Келесі жұмыс күні ішінде қажетті деректерді «Бүркіт» бірыңғай цифрлық жүйесіне («Бүркіт» БЦЖ) енгізіп, өтініш берушінің паспортына мөртаңба қойылған қосымша парақты тіркейді.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде уақытша тұратын азаматтарды есепке қою паспортқа қосымша парақ берілместен жүзеге асырылады.
Есептен шығару
Қазақстан Республикасының азаматы мынадай жағдайларда шетелдегі мекемелерде есептен шығарылады:
- өзі немесе заңды өкілі шетелдегі мекемеге еркін нысанда жасалған есептен шығару туралы өтініш бергенде;
- оның басқа шетелдегі мекемеде есепке қойылғаны туралы хабарлама түскенде;
- есепке алу карточкасында/карточкада көрсетілген консулдық округ аумағында уақытша болу мерзімі аяқталғанда немесе тұрақты тұруы тоқтағанда;
- қайтыс болғанда, оны хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енгенде;
- Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылғанда.
Қазақстанға тұрақты тұру үшін келген және шетелдегі мекемеде есептен шықпаған қазақстандықты Қазақстан Республикасының аумағында есептен шығару қағаз нысанында министрлік арқылы, ал электрондық нысанда портал арқылы жүзеге асырылады.
Есептен шығу үшін мынадай құжаттар ұсынылады:
- еркін нысандағы өтініш;
- жеке басты куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
- Қазақстан Республикасы азаматының паспортына берілген, тұрақты консулдық есепке қойылғаны туралы мөртаңбасы бар қосымша парақ (бар болса).
Мемлекеттік қызметті көрсетілетін қызметті беруші арқылы алудың жалпы мерзімі екі жұмыс күнін, ал портал арқылы өтініш берген жағдайда бір жұмыс күнін құрайды.
Шетелдегі мекемеге жүгінген кезде көрсетілетін қызметті беруші бір жұмыс күні ішінде құжаттардың талаптарға сәйкестігін қарайды. Келесі бір жұмыс күні ішінде есепке алу карточкасына тиісті жазба енгізу арқылы көрсетілетін қызметті алушыны есептен шығарады, карточкадағы есепке алу деректерін түзетеді және «Бүркіт» бірыңғай цифрлық жүйесіне қосымша ақпарат енгізеді.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұрақты тұратын азаматтарды есептен шығарған кезде көрсетілетін қызметті беруші азаматтың паспортына берілген қосымша параққа есептен шығарылғаны туралы белгі қояды немесе мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартады.
Мемлекеттік қызметті портал арқылы алу үшін азамат Қазақстан Республикасының аумағында болуы және электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы қажет. Көрсетілетін қызметті алушы консулдық есептен шығарылғаны туралы растауды «цифрлық үкімет» порталындағы жеке кабинетінен алады.
Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартылған жағдайда көрсетілетін қызметті алушымен тыңдау рәсімі өткізілмейді.
Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартуға мынадай жағдайлар негіз болуы мүмкін:
- көрсетілетін қызметті алушының немесе мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің Қағидалар талаптарына сәйкес келмеуі;
- көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімінің болмауы;
- мемлекеттік қызмет көрсетуді тоқтата тұру мерзімі аяқталғаннан кейін анықталған кемшіліктердің жойылмауы.
Бұйрық 12 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұған дейін осы бұйрықпен Қазақстанда шетелдіктер асырап алған балаларды есепке қою қағидалары өзгертілгенін хабарлаған едік.