Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Кремль өкілі тиісті мәлімдемені журналист Павел Зарубинге «Вести» бағдарламасы үшін берген сұхбатында жасады.
Журналист Песковтан Тоқаевтың жақында Ресей көшбасшысы туралы айтқан сөзіне қатысты пікір білдіруді сұраған.
«Президент Тоқаев — саяси тұрғыдан өте қуатты, орасан зор ресурсы бар адам. Болашақты саяси тұрғыдан болжай алатын, табандылық пен жүйелілікке ие жандар ғана мұндай мәлімдемелер жасауға батылы бара алады. Басқалардың бұған шамасы келмейді», — деді Песков.
Әңгіме Қасым-Жомарт Тоқаевтың Берлинде Германияның федералды канцлері Фридрих Мерцпен келіссөздерден кейінгі бірлескен баспасөз мәслихатында немістің ARD телеарнасы журналисінің сұрағына берген жауабы туралы болып отыр.
Журналист Тоқаевтың Украинадағы соғысқа қатысты ұстанымын еске салып, Қазақстан Президенті бүгін Владимир Путинге не айтар еді деп сұрады.
Тоқаев Ресей көшбасшысымен қарым-қатынасы жақсы екенін мәлімдеп, оның саяси рөліне баға берді.
«Менің Президент Путинмен қарым-қатынасым өте жақсы. Мен оны көрнекті мемлекет қайраткері деп санаймын. Бүгін мен нық сеніммен айттым: Президент Путин мемлекет қайраткері, Ресей басшысы ретінде — сіздер үшін қаншалықты таңсық естілсе де — Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан үшін де, Еуропа мен бүкіл әлем үшін де қолайлы саяси тұлға», — деді Қазақстан Президенті.
Бұл ретте Тоқаев Қазақстан БҰҰ Жарғысының ережелерін және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатын ұстануды жалғастыратынын атап өтті.
Украинадағы соғысты реттеу мүмкіндігі туралы айта келе, Президент әскери қимылдарды тоқтатып, кейін келіссөздер процесіне көшуді қолдайтынын түсіндірді.
«Мен соғысты дереу тоқтату керек деп айтқан жоқпын. Қазіргі жағдайда бұл мүмкін емес екенін түсінемін. Мен Украина аумағындағы әскери қимылдарды тоқтатып, дипломатиялық немесе кез келген басқа келіссөздер процесіне көшу туралы айтып отырмын. Біздің ұстанымымыз осындай», — деді Тоқаев.
Ол Қазақстан Ресеймен де, Украинамен де қарым-қатынасты сақтауға мүдделі екенін, ал ел үшін басты басымдық бейбітшілік пен тұрақтылық болып қала беретінін атап өтті.