Концертте ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Шұғыла Сапарғалиқызы, Аманжол Әлтаев, Ардақ Балажанова, республикалық байқаулардың лауреаттары Берік Омаров, Перизат Омарова, сонымен қатар «Шалқыма» халық би ансамблі, Астана қалалық Мемлекеттік филармониясы, «Наз» Мемлекеттік би ансамблі, ҚазҰӨУ «Шабыт» би ансамблі, К.Байсейітова атындағы ҰОБТ балет труппасы, «Тілеп» қобызшылар квартеті және «Серпер» домбырашылар ансамблі өнер көрсетеді.
Шара Баймолдақызы Жиенқұлова 1912 жылы 18 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі — Гүлшара. Шара Жиенқұлова 16 жасында «Биші қыз» атағын иеленді. Үлкен сахнадағы өнер жолын жолдасы Құрманбек Жандарбековпен бірге Қазақ драма театрында бастаған.
Бейімбет Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Пүліш бейнесі — оның театрдағы алғашқы сомдаған рөлі. Шара Жиенқұлова театрда ғана емес, өз таңбасын кинода да қалдырды. «Амангелді» фильмінде Балым рөлін сомдады. Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде қазақтың мың бұралған бишісі өзін-өзі сомдады. 1938 жылы қазақтың тұңғыш балеті «Қалқаман-Мамыр» қойылымында ол басты кейіпкер Мамырдың партиясын орындады.