Ақтөбедегі «Сапар» автовокзалы жолаушыларға билет сатып, оларды перроннан көлікке мінгізіп жіберумен айналысады. Осы қызметтері үшін олар жолаушы таситын автобус иелерінен бұған дейін билет құнының 13 пайызын алып келген. Енді еш ескертпестен қызмет құнын бірден 16 пайызға дейін өсіріп жіберіпті.
Төлеген Бұқтыбаева, автобус жүргізушісі:
— 16 процентке келіспейміз. «Сапар», мұнда жүргізушілерге қажетті жағдай жасалмаған. Жүргізушілер дәретханаға барса да ақша төлейді. 30 теңге. Жүргізушілерге қажетті жағдай жасаса ойланып нетер едік. Қазір ай сайын мен 600 мың теңге төлеу керекпін, 16 пайыз болса.
Үш күннен бері жүргізушілер автовокзал басшыларынан қызмет бағасын не үшін көтергендігі туралы жауап ала алмай келеді. Директордың өзі мекемеге келгенімен, есікті іштен тарс жауып олармен кездесуден бас тартады екен.
Қаңтарылып тұрған автобустарға алаңдады ма, жүргізушілермен кездесуге шыққан автовокзал басшылары алғашқыда мекеменің жеке екенін ескертіп, «қазаншының еркі қайдан құлақ шығарса» дегенді айтты. Бірақ кейін коммуналдық қызмет бағасын сылтауратып, ақталмақ болды.
Александр Хлюстов, «Сапар» автовокзалы директорының орынбасары:
— Коммуналдық қызмет, жарық, су барлығы қымбаттаған соң, біз де бағаны көтердік. Қазір не үшін қызмет құнын қымбаттатқанымызды нақты айта алмаймын. Бірер күннен кейін келіңіздер.
Автобустар бір сағаттай тоқтап тұрып, кейін діттеген жеріне асыққан жолаушылардың өтінішінен соң орындарынан қозғалды. Бірақ автовокзал басшыларына шешімді өзгертуге бір аптаға мұрсат берді.