Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Форум жұмысына Үкімет басшылары, ірі компаниялар мен сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты. Күн тәртібі технологиялық трансформация, инвестициялық ынтымақтастық, цифрландыру, ЖИ және экономикалық өсудің жаңа драйверлерін іздеу мәселелерін қамтиды.
Моңғолия Премьер-министрі Ням-Осорын Учралмен келіссөздер барысында сауда-экономикалық өзара іс-қимылды дамыту, өнеркәсіп кооперациясы, тау-кен металлургиясы және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру және жасанды интеллект, сондай-ақ ғарыштық технологиялар саласындағы әріптестік мәселелері талқыланды. Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың биыл сәуір айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ екі ел басшылары қойған өзара сауда көлемін $500 млн-ға дейін жеткізу міндетін жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды. Келіссөздер қорытындысы бойынша Олжас Бектенов пен Ням-Осорын Учрал өзара қызығушылық тудыратын экономиканың барлық бағыты бойынша ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендерін жеткізді.
Бангладеш Халық Республикасының Премьер-министрі Тарик Рахманмен кездесу барысында сауда және инвестиция, көлік-логистика, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастық мәселесіне назар аударылды. Қазақстан Премьер-министрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан және мемлекеттілікті нығайтуға, «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз етуге, Әділетті Қазақстан құруға бағытталған реформалар еліміздің орнықты экономикалық өсуіне, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге қажетті жағдай жасап отырғанын атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша қазақ-бангладеш ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге өзара мүдделілік және экономиканың басым салаларында жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайындық расталды.
World Economic Forum президенті және бас директоры Алоис Цвингимен келіссөздер барысында цифрлық трансформация, жасанды интеллект, инвестициялар тарту, адами капиталды дамыту салаларындағы өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды. Кездесу барысында Қазақстанның Дүниежүзілік экономикалық форуммен жүйелі сараптамалық әріптестікке көшуге мүдделілігі айтылды. Сондай-ақ «Бәйтерек» инвестициялық холдингі арқылы ынтымақтастыққа қызығушылық білдірілді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда инвестициялық ахуалды жетілдіру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, инвесторларға мемлекеттік қолдау шараларының кең ауқымы қолжетімді. Altyn Visa арнайы визалық режимі енгізілуде, салықтық және кедендік преференциялар қолданылады. Жобаларды сүйемелдеу «бір терезе» қағидаты арқылы жүзеге асырылады.