Батыс Еуропа саяхатшыларының Орталық Азия аумағын, көшпелілердің салт-дәстүрі мен мәдениетін тану процесін айшықтап көрсететін көне карталардың көрмесі салтанатты түрде ашылды.
«Карталар мен саяхаттар: Ұлы Александрдан патшайым Викторияға дейінгі Еуропаның Қазақстанды тануы» деп аталатын көне карталар көрмесі Батыс Еуропа саяхатшыларының 2 000-нан астам жылға созылған Орталық Азияны тану процесін айшықтап көрсетеді
«Назарбаев орталығының» миссиясы — Қазақстан Республикасының мемлекеттілігі тарихын жүйелі зерттеп, насихаттау, — деді өз сөзінде «Назарбаев орталығы» директорының орынбасары Роман Василенко. — Бүгінгі ұйымдастырылып отырған XVI-XIX ғасырлардағы Орталық Азияның сирек кездесетін карталарының көрмесі Қазақстандағы және жалпы аймақтағы мемлекеттіліктің қалыптасуы мен даму процесін тереңірек түсінуге өз үлесін қосады деп сенеміз. Қазақстандықтардың жақынырақ танысуына мүмкіндік бергені үшін осынау коллекцияның иесіне және авторына алғыс білдіреміз және бұл тек сарапшылардың ғана емес, қалың көпшіліктің де назарынан тыс қалмайды деп үміттенеміз».
Өз кезегінде Найджел Гулд-Дэвис Қазақстанмен жақынырақ танысқан соң, еуропалық саяхатшылардың Орталық Азия халқымен қарым-қатынастарының тарихы жайлы карталардың түпнұсқасынан коллекция жинауға қызығушылығық танытқанын атап көрсетті. «Сондықтан да мен Қазақстан жеріне еуропалықтардың көзімен қарауға мүмкіндік беретін осы көне карталарды жинадым. Бұл карталардың барлығы қазақ жері мен оның халқының ғасырлар бойы еуропалық саяхатшыларды қалай қарсы алғанынан сыр шертеді. Олар еуропалықтардың ежелгі грек мифтерінен Ағартушылық дәуірінің айқындығы мен талғампаздығына дейінгі түсінігінің қалай тереңдегенін көрсетеді. Көптеген карталар жай ғана қызықтырып қоймай, сонымен қатар, өзінше көркемдігімен көз тартады десем, менімен келісесіздер деп ойлаймын», — деді көрменің ашылуында осынау ғажайып коллекцияның иесі.
ҚР-ндағы Еуропалық Одақ өкілдігінің басшысы, елші Аурелия Бушездің атап көрсеткеніндей: «Ұлы Александрдан Жібек Жолына дейінгі Шығыс-Батыс кіндігі әрқашан осы құрылықта өмір сүрген халықтардың білімі мен тауары алмасатын негізгі бел ортасы болған. Жаңа әріптестіктің стратегиясы: Еуропалық Одақ және Орталық Азия, сондай-ақ ЕО-мен Орталық Азия елдерінің арасындағы келісім — осы көрмеде жарқырап көрсетілген мұраның бір бөлігі десек болады».
Қазақстандықтардың ғылыми-ағартушылық және мәдени өмірінде осындай көрмені ұйымдастырудың маңызын атап өткен ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіінің Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты филиалының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зайнолла Самашев: «Кейбір көне карталарда, тіпті біршама бұрмаланған формада болса да, тарихи өзгерістер — моңғол, кейінірек жоңғар шапқыншылығы, әсіресе, ресейлік отарлау үстемдігі мен Кеңес Одағы кезеңінде атауы өзгертілген (немесе жойылған) байырғы түрктің және қазақтың елді мекен, таулы аймақ, өзге түрлі табиғи-ландшафты кешендердің және т.б. халықтық атаулары сақталған. Өлкеміздің тарихы мен тарихи жағырафиясын зерттеп білуде олардың маңызы өте зор», — деді.
Көрменің ашылуына мемлекеттік орган өкілдері, дипломатиялық корпус, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми-талдау орталықтары, БАҚ, көрнекті мәдениет пен өнер және әдебиет қайраткерлері қатысты.
Найджел Гулд-Дэвис Оксфорд Университетінде халықаралық қатынастар пәнінен дәріс берген, кейінгі он жылда британдық дипломатия қызметінде жұмыс жасаған. Жұмыс бабымен Астанаға 2010 жылы келген.
Көрме үстіміздегі жылдың 12 шілдесіне дейін жалғасады.