Бұлай деуіміздің себебі, түбі бір түркі жұртының ортақ қандай рухани дүниелері бар дегенде, алдымен бұл халықтардың музыкалық жауһарларынан, оның ішінде халық саз аспаптарынан ұқсастық ізделуі заңдылық. Тілі бір түркі мәдениетін бір бәйтеректен тараған бұтаққа баласақ, ал олардың тағдыр-талайының ежелден бір-бірімен сабақтас болуын туыстықтың тұрақты түбіріне жатқызамыз. Түркі әлемінің рухани астанасы атанған елорда міне, осы мақсаттағы үлкен шараны абыроймен атқарып шықты деуімізге болады. Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан сияқты біраз елдерден ертеңінен мол үміт күттірген ерекше орындаушылар келді, деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы.
Жастар үш номинация бойынша бақ сынасты. Прима қобыз, шертер аспаптарының үнінің кереметімен құлағымызға халқымыздың небір ғажап туындылары сіңген болса, ал кеманче, кабак кеман, уд, баглама, тамбур деген музыкалық аспаптарды алғаш түркі әлемінің ортақ құндылығына айналдырып беріп отырған осы фестиваль. Мұның бәрі ысқышты аспаптарды құрайды. Осы аспаптар бойынша сайыстың бірінші жүлдесі Ботакөз Тәшімова мен Ербол Мұхамедиевке бұйырса, екінші және үшінші орынға ие болғандардың арасында өзбекстандық, әзербайжандық жастар бар.
Жетіген, шаңқобыз, сыбызғы, сазсырнай аспаптарының ел арасындағы насихаты жақсы дамып келе жатса, ал соларға үні жағынан егіз қозыдай ұқсас басқа халықтарда канун, нэй сынды музыкалық аспаптар бар екенін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Аталған номинация бойынша бірінші жүлде Мәдина Сүлейменованың қанжығасына байланса, Қырғызстаннан келген Азамат Отунчиев пен қазақстандық Серік Нұрмолдаев екінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, қобыз номинациясының бірінші жүлдесі Мақсат Медеубек пен Әйгерім Қарсақбаеваның еншісіне тиді. Фестивальдің бас жүлдесі Қазақ ұлттық өнер университетінің 1 курс студенті Тоқтар Ағыраевқа бұйырды. Қасиетті қобыздың қоңыр үнімен Қорқыттың «Қоңыр», Ж.Қаламбаевтың «Шәркен», Ықыластың «Жез киік», «Жолаушының жолды қоңыры», Ә. Қазақбаевтың «Жаппас-қобыз-домбыра», «Ықылас ата» күйлерін кемеріне толтыра орындаған жас музыкант өзінің дәстүрлі музыкаға деген ерекше қабілетін көрсете білді. Түбі бір түркі әлемінің халық саз аспаптарын насихаттау көші — даңғыл жолға жаңадан бет түзеген рухани керуен десек, сол көнеден көп өнеге жеткізген қобыздың қоңыр үніндегі керемет бізге даланың дана шежіресіндей әсер қалдырды.