Қазақстан Журналистер одағының Мұхамеджан Сералин атындағы сыйлығының лауреаты Нұрғожа Ораздың бұл кітабына танымдық сипаттағы көсемсөздері топтастырылған. Бүгінгі қазақ елі бастан кешіп жатқан замана көрінісін өткен өмірмен салыстыра қарап, болашағына көз тастаған ойлы да уытты жазбалардың қай-қайсысы да оқырман ойына қозғау салады.
Бұл көсемсөз туындылардың баршасы — қаламгердің еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдегі еңбектері. Яғни, бұл жинақ — тәуелсіздік шежіресі іспетті, тағылымы мол, тәлімі зор еңбек.
Кітап «Отанымыздың Ақордасы келгенде» деген мақаладан басталады.
Одан кейін «Тәуелсіздік бізге не берді және Елбасы», «Астанам — Сарыарқаның кіндігінде», «Арысыңды таны, ағайын!» «Ұласқан намыс жалыны» деген саяси тарқырыптарды қамтитын мақалалар енген.
Ақын, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғожа Ораздың бүгінгі қоғамның дамуы, халқымыздың тарихы, ел мен жердің тағдыры, ғылым мен білімнің көкейкесті мәселелері, ана тіліміздің мәртебесін көтеру туралы жазған мақалалары да аз емес. Атап айтқанда, «Әз Тәуке хан және оның дәуірі», «Жер мен ел», «Мыңжылдықтар аралығы», «Ұрпақ алдындағы борышымыз», «Ғылымдағы революция», «Сөздік қорымыздың байлығы», «Сенатормен әңгіме кезінде туған ой», «Ұрпақ жалғастығы жайлы айқын көзқарас. Ұлтымыз сақталса!» деген туындылары осы сөзіміздің дәлелі болмақ.
26 баспа табақтан тұратын көлемді кітапта автор жазушылардың біртұтастығы қажет екені туралы, жалған сөзге тойтарыс, көңілді құлазытар жайлар бар деген ойларын да ортаға салады. Осы тақырыптарды одан әрі өрбіткен «Әр қилы ойлар», «Тұтас халық болып ойласақ», «Өзге халыққа жұтылмайын десе», «Жетпіс тоғыз және Желтоқсан», «Намыстың оты, қайдасың?», «Оралман емес, бауырлар» атты мақалаларын да жаңа жинақтан табуға болады.
«Қырандар ғана шығар биік болса» атты мақалада елдік мәдениеті мен намысы аз азаматтардың да қалалық мәслихатқа депутат болғысы келетінін, үміткерлердің халық сұрыптауынан өткені жөн болар еді деген ойларды алға тартқан.
Дін мен діл туралы пайымдары «Діннен безгендер», «Мәулітпен кездесу. Сергелдең сенім», «Дін халықтың , тілдің тұтастығын, беріктігін сақтайды», «Мал құлағы саңырау», «Бірлік тірлікке бастайды» мақалаларында көрініс тапқан.
Әлем өркениеті және оның елімізге тигізер ықпалы жөнінде «Құпияның құпиясы», «Өзгеріс тұсындағы ой» атты толғамдарында жазған.
Мемлекеттік тілдің өзекті мәселелері «Тілімізге септігі тисе», «Ана тілің — тынысың, ол жойылса — өзге тілдің құлысың!», «Тіліміздің негізгі тұрақтылығы», «Тіл тағдырының тарихы», «Тіл — халықтың тірегі, мемлекеттің бет бейнесі», «Ана тілім, ардағым едің» деген тақырыптардағы мақалаларға арқау болған.
Тақырыптары айтып тұрғанындай әр мақаланың айтар ойы, түйер түйіні бар.