Қазірдің өзінде ең қымбат үйлер Алматыда. Орта есеппен бір шаршы метрі 2 мың АҚШ долларынан асып жығылады. Санаулы күндерден соң, ол баға да өзгереді деп отыр сарапшылар. Яғни, көпшіліктің баспаналы болу арманы тағы 10 пайызға алшақтай түспек. Мәселен, мына бір пәтер о баста табысы орташа азаматтарға есептеліп салынған екен. Алайда, риэлторлар енді мұны ақсүйектерге арнап сақтап отыр.
Елена Кряжевских, Жылжымайтын мүлік агенттігі департаментінің бастығы:
— Жылжымайтын мүлікті сатып алғысы келетін азаматтарға уақыт создырмай баспананы дәл қазір ала бастауға кеңес етер едік. Өйткені, келесі айдан бастап үйлердің бағасы күрт қымбаттайды. Біздің есебімізше, жылжымайтын мүлік нарығындағы мұндай серпіліс сұраныстың өсуіне байланысты болып тұр.
Ал Смайыловтар отбасы болса, даңғарадай 3 бөлмелі үйде тұрады. Қартайған шағында қос қария мал қарап, көмір тасып жүр. Қалаға көшейін десе, пәтер құны тым қымбат.
Ханшайым Смайылова, Кенжекөл ауылының тұрғыны:
— Хабарлама бергем мына үйді сатуға, қалаға көшейік деп. Ауылда тұра алмаймыз, кәртайдық, мен де, шал да. Су әкеле алмаймыз, көмір таси алмаймыз. Енді мынаны сатып, 1 бөлмелі де ала алмаймыз. Қалада қымбат үйлер, ал мында арзан ауылда.
Үй мәселесін қазір шешіп беруге «Қол жетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы да қауқарсыз. Осы уақытқа дейін арзан бағамен 2 мыңдай пәтер берілгенімен, әлі кезекте 23 мың адам тұр екен.
Талғат Баилов, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
— Қазір өте көп құрылыс жүріп жатыр Өскеменде, Ақтөбеде, Астанада. Осы жылы 81 үй тапсырылады. Келесі жылы 22 үй тапсырылады.
Ал елімізбен салыстырғанда Түркияда баспана құны анағұрлым арзан болып шықты. Теңіздің жағасында, арнайы хауызы бар екі қабатты зәулім сарайдың бағасы осы жазда Алматы қаласындағы екі бөлмелі пәтердің құнымен теңесіпті. Екеуінің де шаршы метрі шамамен 2170 доллар.
Еліміздегі ең қымбат баспана Алматы қаласының нақ осы ауданында орналасқан. Мұндағы бір пәтердің құны 5 млн – 7 млн АҚШ долларына дейін барады. Ал мына секілді зәулім үйлер 15 млн АҚШ доллары және 25 млн АҚШ доллары тұрады. Қазіргі жылджымайтын мүлік нарығындағы қызу саудаға қарамастан, мұндай үйлерге сұраныс әзірге болмай тұр екен.