Reuters агенттігінің мәліметінше, Каспий құбыр консорциумы (КТК) 21 шілдеден бастап Қазақстан мұнайын қабылдауды тоқтатқан. Бұған теңіз терминалы маңында танкерлерге жасалған дрон шабуылдары себеп болды. Егер танкерлер ұзақ уақыт бойы терминалға келе алмаса, Қазақстанды не күтіп тұр?
Caravan.kz медиа порталының тілшісі экономист Айбар Олжаевтың пікірін негізге алып, тақырыпты саралайды.
КТК неге тоқтады?
Reuters агенттігі үш салалық дереккөзге сілтеме жасап хабарлағандай, шілде айында Новороссийск маңындағы КТК теңіз терминалына жақын жерде бес танкер ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшыраған.
20 шілдеде КТК мұнай тиеу жұмыстарының уақытша тоқтатылғанын мәлімдегенімен, терминалдың бүлінгені немесе техникалық ақау болғаны туралы ақпарат бермеді.
Ал Bloomberg агенттігінің жазуынша, мәселе инфрақұрылымның зақымдануында емес, кеме иелерінің қауіпсіздік тәуекеліне байланысты танкерлерді терминалға жіберуден тартынуында болуы мүмкін.
Консорциумның 15 пайыз үлесіне ие Chevron компаниясы жағдайды бақылап отырғанын айтып, қызметкерлердің қауіпсіздігі бірінші орында екенін мәлімдеді.
Қазақстан үшін КТК-ның маңызы қандай?
Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағыты. Елдегі экспортталатын мұнайдың шамамен 80 пайызы дәл осы құбыр арқылы тасымалданады.
КТК арқылы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының мұнайы Новороссийск маңындағы теңіз терминалына жеткізіліп, одан әрі танкерлермен әлемдік нарыққа, негізінен Италияға жөнелтіледі.
Экономист келтірген статистикаға сай, 2025 жылы КТК арқылы:
- Теңіз кен орнынан – 36,6 млн тонна;
- Қашағаннан – 17 млн тонна;
- Қарашығанақтан – 9,2 млн тонна мұнай экспортталған.
Жалпы көлемі – 62,8 млн тонна немесе тәулігіне шамамен 1,26 млн баррель.
Танкерлер келмесе не болады?
Айбар Олжаевтың айтуынша, мұнай өндіруді бірден тоқтату мүмкін емес. Алғашқы бір-екі тәулікте өндіріс жалғасып, өндірілген мұнай резервуарларға жиналады. Алайда ірі кен орындарын су кранын жапқандай тоқтату мүмкін емес.
Мысалы:
- Теңізде өндіріс газды қайта айдау, қысымды ұстап тұру және компрессорлық жүйелердің үздіксіз жұмысымен байланысты;
- Қашағанда күкіртсутегі жоғары мұнай күрделі технологиялық өңдеуден өтеді.
Сондықтан сақтау орындары тола бастағаннан кейін компаниялар алдымен өндірісті баяулатады. Егер жағдай ұзаққа созылса, ұңғымалардың бір бөлігін жабуға мәжбүр болады. Ал мұндай ұңғымаларды кейін қайта іске қосу техникалық жағынан күрделі әрі қымбат процесс саналады.
Қазақстан қанша күнге шыдай алады?
Экономистің есебінше, қазіргі инфрақұрылым мүмкіндіктерін ескергенде Қазақстан танкерлерсіз шамамен 4-5 тәулік жұмыс істей алады.
Елдегі резервуарлық қорлар шектеулі:
- «ҚазТрансОйл» резервуарларының жалпы сыйымдылығы шамамен 1,4 млн текше метр немесе 1,2 млн тонна мұнайға тең;
- КТК-ның Новороссийск терминалында шамамен 1 млн тонна мұнай сақтайтын резервуарлар бар.
Алайда бұл қоймалар толық бос емес және олардың барлығы Қазақстандағы барлық мұнайды қабылдауға арналмаған. Сонымен қатар қауіпсіздік талаптарына сәйкес резервуарларды толық толтыруға болмайды.
Сондықтан бірнеше күннен кейін сақтау мүмкіндігі сарқылып, өндірістік қиындықтар басталуы ықтимал.
Бұл теңгеге қалай әсер етуі мүмкін?
Айбар Олжаевтың пікірінше, мәселе тек мұнай саласымен шектелмейді. Қазақстан мұнайды шетелге доллармен сатады. Экспорттан түскен валютаның бір бөлігі:
- салық төлеуге;
- жұмысшылардың еңбекақысына;
- мердігерлерге төлем жасауға;
- Ұлттық қорға түсетін түсімдерге пайдаланылады.
Егер КТК арқылы экспорт тоқтаса, елге келетін доллар көлемі азаяды. Бірақ импорт көлемі бұрынғы деңгейде сақталады. Нәтижесінде валюта нарығында доллар ұсынысы қысқарып, теңгеге қысым күшейеді.
Экономистің айтуынша, дағдарыс ұзаққа созылған жағдайда халық пен бизнес тарапынан доллар сатып алуға деген сұраныс өсіп, девальвациялық күтулер күшеюі мүмкін.
Экспортқа ықтимал шығын қандай?
2025 жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 143,9 млрд долларды құрады.
Соның ішінде:
- экспорт – шамамен 79 млрд доллар;
- импорт – 64,9 млрд доллар.
Нәтижесінде елдің сауда профициті 14 млрд доллардан асты.
Айбар Олжаевтың бағалауынша, егер КТК бір ай бойы толық тоқтап, балама бағыттар жоғалған көлемнің аз ғана бөлігін өтей алса, Қазақстан экспорты 3-3,5 млрд долларға дейін қысқаруы мүмкін. Бұл жылдық сауда профицитінің шамамен төрттен бір бөлігін жоғалтуға әкеледі.
Ал дағдарыс екі-үш айға созылса, мұнай бағасы мен импорт көлемі өзгермеген жағдайда, Қазақстанның сауда профицитінің басым бөлігі жойылуы ықтимал.
Сонымен қатар Қазақстанның ағымдағы шоты КТК-дағы ықтимал қиындықтарға дейін де әлсіз болған.
2025 жылы елдің ағымдағы шоты 12,5 млрд доллар тапшылықпен жабылса, 2026 жылдың бірінші тоқсанында тапшылық 2 млрд долларды құрады. Осы кезеңде тауар саудасының профициті 4,1 млрд доллар болып, бір жыл ішінде 15,7 пайызға азайған.
Сарапшы қандай қорытынды жасады?
Айбар Олжаевтың айтуынша, Қазақстан көп көлемде мұнай өндіргенімен, оны ұзақ уақыт сақтай алмайды. Егер экспорттық тізбектің соңғы буыны – Қара теңіздегі теңіз терминалы жұмысы тоқтаса, бүкіл өндірістік жүйе бірнеше күннің ішінде қиындыққа тап болуы мүмкін.
Сарапшы мұндай тәуекелдерді азайту үшін ел ішінде, әсіресе Теңіз кен орнына жақын жерде ірі мұнай сақтау резервуарларын салу мәселесін қарастыру қажет деп есептейді. Оның пікірінше, бұл болашақта осындай сыртқы қауіптер кезінде өндірісті бірден қысқартпауға мүмкіндік береді.