Бұл туралы «Экспресс-К» басылымы ақпарат таратты. Ал кәсіпкер сегіз жыл бұрын өз үйінің ауласында кісі қолынан қаза тапқан еді. Сол кезде полицейлер марқұмды бұрынғы күзетшісі өлтірді деген күдікпен Рахметулла Орынбаевты құрықтаған болатын. Өйткені, 1999 жылы Қожахметов жұмысшысын аямай соққыға жыққан екен. Қожайыннан қатты көңілі қалған күзетші араға алты жыл салып, кек алмақ болыпты. Сот Орынбаевтың кінәсін дәлелдеп, 16 жылға абақтыға жабады. Алайда, биыл Жоғары сот қылмыскерге кесілген үкімді жоққа шығарып отыр. Бас прокуратура, ІІМ мен ҰҚК қызметкерлерінен қайта тергеу тобы құрылып, қылмыстың жаңа қырлары ашылған. Мәліметтерге сенсек, кәсіпкерді өлтіруге тапсырыс берген қашқын, ағайынды Рысқалиевтердің әпкесі — Гүлжанар Рысқалиева екен. Ол Қожахметовтың көзін жою үшін Орынбаевқа 15 мың АҚШ долларын төлепті. Қазір қашқындағы келіншекке іздеу жарияланыпты. Айта кету керек, кәсіпкер Талғат Қожахметовтың Бергей Рысқалиевпен бірлескен бизнесі болған.