Алматыдағы әлем чемпионаты барлық көрсеткіш бойынша озғалы тұр. Мысалы Алматы шаршы алаңында 11 елден 457 боксшы сынға түспек. Тікелей АИБА-ның қол созуымен бокс өнері кенжелеп қалған бірнеше мемлекеттің құрамалары елімізге ат басын бұрыпты. Екіншіден биылғы әлемдік форум АИБА ның жаңа ережесі сәйкес өткізілмек. Ең бастысы боксшылар шаршы алаңға шлемсіз шығады. Ал жекпе-жек барысына қапталда отырған үш төреші баға беретін болады. Осының бәрі Алматыдағы додаға деген қызығушылықты арттыра түсетіні анық. Ел намысын қорғайтын Қазақстан құрамасына келсек, он боксшымыз да ұрысқа сақадай –сай. Олар — кешегі Серік, Бақыт, Бахтияр ағаларының орнын жоғалтпаймыз дейді. Ұлттық құрама алдындағы міндет те жоғары. Күміс пен қола бір төбе десек те, түпкі мақсат қос алтын.
Шайбалы хоккейден еліміздің жоғары лигасында 14- турдың нәтижелері белгілі болды. Турнир кестесінде үзеңгі қағысып келе жатқан теміртаулық «Арыстан» мен «Астана» арасындағы бәсеке ірі есеппен аяқталды.
Матчты ширақ бастаған теміртаулық хоккейшілер алғашқы үзіліске дейін 2:1 есебімен алға шығып үлгерді. Кездесудің екінші бөлігінде жауапсыз қос шайба соққан алаң иелері , үшінші кезеңде шабуылды одан әрі үдете түсті. Нәтижесінде тағы төрт гол соққан теміртаулықтар бүгінші матчты айқын жеңіспен аяқтады. Таблодағы қорытынды есептің нәтижесі 8:2. Осы ұтыстан кейін 21 ұпай жинаған «Арыстан» турнир кестесінде төртінші , ал одан үш ұпайы кем «Астана» бесінші орынға жайғасты. Жоғары лигада әзірге Көкшетаудың «Арланы» көш бастап тұр. Олардың есебінде 40 ұпай.
Новак Джокович Шанхайда өткен “Мастерс” сериясының жеңімпазы атанды. Қытайдағы байрақты бәсекенің финалында аргентиналық Хуан Мартин дель Потроны ұтқан серб биылғы маусымдағы алтыншы жүлдесіне қол жеткізді.
Көпшілік Шанхай турнирының финалында Надаль мен Джокович жұбы шығатынын болжаған. Бірақ Дель Потро жартылай финалда испандық шеберді жарыстан шет қалдырды. Алғашқы партияда қарсыласының адымын аштырмаған Джокович екінші кезеңде аргентиналыққа жол берді. Ал тай-брейкқа созылған шешуші сетте сербиялық тенисші өз мүмкіндігін жіберген жоқ. Қортынды есеп 6:1, 3:6 және 7:6. Естеріңізге сала кетсек Джокович бұл турнирды қатарынан екінші жыл жеңіп отыр.