Осыдан 4 жыл бұрын алматылық дәрігерлер 12 жасар Миленаның бас сүйегін ашып, миына магнитті чип орнатқан. Қыздың басындағы мына қондырғы сол чипқа сырттан дыбыс қабылдауға мүмкіндік береді. Алайда оның ұдайы істен шығатын қосалқы бөлшектері үш баланы жалғыз асырап отырған анаға ауыр тиюде.
Татьяна Новикова, Петропавл қаласының тұрғыны:
— Ақша шақ келмейді, саймандары тым қымбат. Жылына бірнеше рет қондырғыны реттеп келтіреміз. Бір барып келгенің бес мың теңге. Былтыр сымдары үзілді, 25 мың теңгеге алмастырдық.
Никитаға мұндай күрделі операция екі жыл бұрын жасалыпты. Қазір Петропавлдағы есту қабілеті төмендерге арналған арнайы балабақшаға барып жүр. Екі жылдан кейін құлағына ілінген аппараттың жаңасын алуы қажет. Ал Петропавлдық Балажан Файзулинаға немересінің есту құрылғысын алмастыру үшін 4 жарым мың еуро керек екен.
Балажан Файзуллина, Петропавл қаласының тұрғыны:
— Операцияның өзі 30 мың доллар дейді, бізге соны квотамен істеді, сондай еңбек жасағаннан кейін ол балаларды қайтадан саңырау қылуға болмайды ғой, оған біздің қаражатымыз жоқ.
Әр балаға бес миллион теңгенің отасын жасап шығынданған мемлекет бұл мәселені аяғына дейін апармаған. Мұндай балалар операциядан кейін ұзақ бейімдеуді қажет етеді. Ал есту құрылғысының істен шыққан бөлшектерін тегін беру мен оларды 4-5 жылдан кейін толығымен алмастыру қарастырылмапты.
Асхат Бәкеев, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі:
— Қазіргі таңда заңда ондай жоқ. сондықтан заңға өзгеріс енгізу керек.
— Сонда сіздер оларға көмектесе алмайсыздар ма, мұндай адамдарға ?
— Ия, әзірге көмектесе алмаймыз.
Солтүстік Қазақстан облысында қазір осындай имлантант салдырған 22 бала тұрады. Енді жуық арада тағы қаржы бөлініп, көмек көрсетілмесе дыбыс әлемінің қызығын естіп, қатарларынан қалмай жүрген балалар қайтадан тас керең болып қалуы мүмкін.