Көлеңкелі экономикамен күрес қандай нәтиже беруде? - kaz.caravan.kz
  • $ 477.11
  • 545.58
+33 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Көлеңкелі экономикамен күрес қандай нәтиже беруде?

Көлеңкелі экономикамен күрес қандай нәтиже беруде?

Жаңа салық реформасы қандай нәтиже беруде?

  • 14 Шiлде
  • 4
Фото - Caravan.kz

Елімізде жарты миллионнан астам қазақстандық кәсібін заңдастырды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталының тілшісі.

2026 жылдың алғашқы алты айында 546 мың бұрын тіркелмеген жеке тұлға өз қызметін ресми түрде заңдастырды. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, салық реформасы бюджет кірісін арттырумен ғана шектелмей, азаматтарды ресми экономикаға тартудың маңызды құралына айналып келеді.

Биылғы жылдың басынан бері шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоса алғанда, 499 мыңға артып, 2,9 миллионға жетті. Сонымен қатар, қосылған құн салығын төлеушілер саны 22,3 мыңға көбейіп, 158,2 мыңды құрады.

«Маңызды нәтижеге қол жеткіздік. Ол салық реформасын тек фискалдық құрал ретінде емес, экономикалық белсенділікті көлеңкеден шығарудың тиімді тетігі ретінде қарастыру қажет екенін дәлелдейді», – деді вице-министр.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин соңғы жылдары шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы рөлі айтарлықтай күшейгенін атап өтті.

Егер 2021 жылы шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 33,5 пайыз болса, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 40,9 пайызға дейін өсті.

Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 688 мыңнан асты, ал жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы саны соңғы жылдары 1,9 миллионнан 2,3 миллион адамға дейін көбейген.

Үкімет мәліметінше, шағын кәсіпорындар санының ең жоғары өсімі тау-кен өндірісі, құрылыс, ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс салаларында тіркелген.

Ал бүгінде Қазақстандағы барлық шағын және орта бизнес субъектілерінің 60 пайыздан астамы сауда, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді.