Халық қалаулыларының Ақмола облысындағы мектептерге ерекше көңіл бөлуінің жөні бар. Өйткені, бұл өңірдің түлектері былтыр Ұлттық біріңғай тестте көш соңында қалған. Шынында да шет ауылдардағы шағын оқу орындарының жағдайы мүшкіл екен. Мәселен, Аршалы ауданына қарайтын Бабатай орта мектебінде не бары 41 оқушы білім алады. Бала санының аздығынан ұстаздар бірнеше сыныпты біріктіріп сабақ өтуге мәжбүр. Яғни, 5 пен 6, 8 бен 9-шы сыныптың оқушылары бір партада отырып оқиды. Ал, бекітілген 45 минуттық сабақ уақыты екі сыныпқа тең бөлінеді. Заманауи бағдарламалар мен техникалық жабдықты айтпағанда мұнда оқулық тапшылығы қашаннан шешімін таба алмай қойған күрделі мәселе. Оқушылар мүлдем қарайып қалмас үшін 3 айда бір рет ауылдан 20 шақырым жердегі орта мектепке барып, білім берудің заманауи әдісімен танысып қайтады екен. Білім басқармасындағылардың ойлап тапқан бұл әрекетін қатаң сынаған депутаттар мұндай шағын мектептердегі балаларға арнайы интернат салу керек деп отыр.
Дариға Назарбаева, Мәжіліс депутаты:
— Кішкентай мектептерде оқитын әрбір оқушыға мемлекеттен жылына 750 мың теңге бөледі екен, ал үлкен мектептердегі балаларға жылына 250 мың жұмсалады. Шығыны 3 есе жоғары, ал білім сапасы төмен.Интернаттарды салу керек.