Қожалық жетекшісі Бейбіт Бисекештің айтуынша, Швейцарияның Заанен өлкесінен тараған заанен тұқымдас ешкі ең алдымен сүттілігімен ерекшеленеді. Ал ешкі сүтінің адам ағзасына тигізер пайдасы мен емдік қасиеті мол екені көпке мәлім. Тәулігіне 3,5-5 литрге дейін өнім беретін аталмыш тұқымның сүтінен дайындалған сыр, құрт, ірімшік, йогурт сынды халал стандартындағы өнімдер тұтынушылар тарапынан мол сұранысқа ие. Ресейліктер заанен ешкісі мен орыстың ақ ешкісін будандастыру арқылы он шақты жыл бұрын жаңа тұқым алған. Ресейдің таулы өлкесінен «КамАЗ» автокөлігімен бір тәулік бойы «жол жүріп» келген ешкілердің 31 лағы да жайлы орынға қоныстанды.
Жапон елінде мектеп жасындағы балалар тамағына міндетті түрде ешкі сүті қосылады. Мыңғырған қой өсірген моңғолдар да бүгінде оның орнын ешкімен алмастыруда. Бұл ретте қазақ балалары да ұлттық тағамдарды неге тұтынбасқа! Сондықтан алдағы уақытта аталмыш шаруа қожалығы ешкі сүтінен халал стандартына сай өнім өндіретін зауыт салуды көздеуде.