Соңғы уақытта басынан дау арылмаған «Қазғарыш» агенттігінің жылдық есебін тыңдауға премьер емес, оның орынбасары келді. Реті бар, себебі Үкіметте ғарыш саласына Бақытжан Сағынтаев жауапты. Вице-премьер ғарыштың мәселесінен бұрын, жердегі оқушылардың жайын қозғады.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
— Оқушылардың басы «ботқа» боп кетті ғой. Не болып шығады, қандай білім алып шығады? Жартысы Ресейдің тарихын, жартысы қазақтың тарихын оқиды. ЕНТ-ға барған кезде не болады? Бұл бірінші шешілуі тиіс мәселе. Тездету керек.
Сөз жерде қалмай шешімін тапса, ана тілін ұмыта бастаған қаракөздер біздің білім министрлігі бекіткен бағдарламамен оқып, қазақ тарихымен ғана сусындауы тиіс. Миллиардттап қаржы құйылып жатқан ғарыш саласы да, өгей баланың күйін кешпеуі қажет. Бір қуантарлығы биыл тарихта тұңғыш рет Байқоңырдан 3 бірдей ғарыш аппараты ұшырылмақ. Оның екеуі жерді қашықтан бақылау үшін, ал үшіншісі «Қазсат-3». Ол екі айдан соң көкке көтеріледі.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
— «Қазсат-3» қатысты Ресеймен келісім бар. Сондықтан жер серігін дәл уақытында ұшу керек. Әдеттегідей күні жақындағанда тағы да түрлі сылтау тауып, мерзім ұзарып кетпесін.
Десек те, бұған дейін «Қазсат-1» жер серігі аспанда жоғалып кетсе, «Қазсат-2» қазір қалыпты жұмыс істеп тұр. Тек, елімізде бұл спутниктің қызметіне қызығып отырған байланыс операторы жоқ.
Талғат Мұсабаев, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы:
-Қазақстандық байланыс операторлары шетелдік спутниктердің қызметін ғана пайдаланады. Көлік және коммуникация министрлігі «Қазсат-2» жер серігіне көшу туралы жоспар құрып, бекіткен болатын. Алайда, ол орындалмай отыр.
Жиында вице-премьер былтыр шілдеде болған апаттан келген шығын 14 млд теңге өтемақыны қайтаруды тездетуді тапсырды. Ал «гептил», «протон» деген сөзді естісе, мазасы қашатын Мұсабаев әдеттегідей тілшілерден тұра қашты. Журналистер қуып жетіп, есігінің алдында айлап наразылық білдіргендермен қашан кездесетінін сұраған. Алайда халық қаһарманының «Антигептил» белсенділеріне қатысты ойы өзгермепті.
—Ауру адамдармен кездеспейміз….
-Жүрген жерін шулатып жүретін Мұсабаев үлкен дауға айналған «Бәйтерек» зымыран кешеніне қатысты да мәселенің шешілгенін айтты. Ал, Үкімет Ресейдің еліміздің экологиялық кодексіне бағынуды талап етпекші. Өйткені биыл айлақтан улы гептилмен қозғалатын 14 «Протон» ұшырылмақ. Сонымен қатар, Байқоңырды туристік аумаққа айналдырып, 2017 жылы «ЭКСПО» қонақтарына мақтанышпен көрсету жоспарланып отыр.