ХХІІ қысқы олимпиада ойындарының ашылу салтанатына дейінгі аралықты ұйымдастырушылар енді минуттап есептеуде. Олимпиада алауы мен медальдардың барлығы Қара теңіз жағалауына жеткізілсе, спортшылар лек-легімен Сочи жеріне қонып жатыр. Биыл ақ ойындардың ашылу салтанатына 44 елдің басшысы қатысуға ниет білдіріпті. Солардың бірі Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан президенті Сочи жеріне бүгін табан тіреп, бірден ел намысын қорғайға келген спортшылармен кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Жеңіс тілеймін. Күллі Қазақстан 17 млн халық сендердің тілеулеріңізді тілеп отыр. Жарысты арнайы ашылған спорт арнасы тәулік бойы көрсететін болады. Қолдап жанкүйер болады. Лондон Олимпиадасынан кейін Қазақстанға барлығы назар аударатын болады. Қиын әрине, бірақ жеңісті қолдан бермей қажет.
— Нұрсұлтан Әбішұлы, тырысамыз!
— Екі Денисіміз бар, Хрусталаева да осында. Олимпиада кездейсоқтық көп болады. Жеңіс күтпеген спортшының бағы жанып жатады. Сәтілік тілеймін.
Ал әуежайға лек-легімен келіп жатқан басқа делегацияларды киім үлгісене қарап-ақ ажыратуға болады. Чехия әдеттегі – ақ, Белоруссия қызғылт сары түске оранған. Тек Германия құрамасы мемлекеттік туында жоқ жасыл форманы таңдапты.
Ақ Олимпиадаға қатысатын 88 мемлекеттің ішінде оңтүстікте орналасқан Шығыс Тимор, Зимбабве, Мальта, Парагвай, Того және Тонга да бар. Олардың барлығы Сочидағы жарыста жаңадан енгізілген сайыстарда бағын сынайтын болады. Мәселен сноуборд пен фристайлға «слоупстайл» қосылса, фристайлда «халвпайп», ал әйелдерге алғаш рет трамплиннен секіру бақыты бұйырмақ. Сондай-ақ мәнерлеп сырғанауда командалық жарыс, ал биатлон және шанамен сырғанау эстафеталық үлгіге дейін кеңейтілген.
Төртжылдықтың алғашқы жүлдегерлері ертең күні анықталады. Дегенмен атлеттердің алды кешелі бері жарыс көрігін қыздырып жатыр. Қазақстан құрамасындағы фристайл шебері Юлия Галышева бірден ақтық сынға жолдама алса, Дарья Рыбакова екінші айналымда бағын қайта сынап көрмек. Бүгін сондай-ақ сноуборд, фристайл мен мәнерлеп сырғанау бойынша жарыстар өтуде.
Кенеш Сәрсекенова, Мәнерлеп сырғанаудан мемлекеттік жаттықтырушы:
— Өзіміздің спортшыларға үлкен үміт артамыз. Және де осы олимпиадаға жанкүйер ретінде келіп, спортшыларға демеу болсақ, олар еліміздің намысын қорғап, жеңіске жетеді деп ойлаймыз.
Ал Сочи олимпиадасының ресми ашылуы «Фишт» стадионында Мәскеу уақыты бойынша 20:14 басталып, 3 сағатқа жалғаспақ. Шараның соңғы дайындығы құпияда сақталып келгенімен, көрермендерге Ресей тарихы көрсетілетіндігі белгілі болды. Олимпиада алауын жағу бақыты кімге бұйыратыны да барынша құпия ұсталуда. Салтанатты шара отшашумен аяқталады.
11 спорт түрінен 52 спортшысын шығарған Қазақстан құрамасының туын шаңғышы Ердос Ахмадиев көтеріп шығады. Айта кетерлігі жүз адамнан тұратын делегацияны Ресей жеріне аттандыру үшін 1 млдр теңге жұмсалыпты. Ал алтын әкелген спортшыға 250 мың, күміс үшін 150 мың берілсе, қолаға қол жеткізгендерінің қолына 75 мың АҚШ доллары ұстатылмақ.