Жамбыл облысында тас-талқаны шыққан жолдан зардап шеккен жұрттың шенеуніктерге өкпесі қара қазандай - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
6 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жамбыл облысында тас-талқаны шыққан жолдан зардап шеккен жұрттың шенеуніктерге өкпесі қара қазандай

Жамбыл облысында тас-талқаны шыққан жолдан зардап шеккен жұрттың шенеуніктерге өкпесі қара қазандай

Жамбыл облысында жол азабын тартқан тұрғындар наразылық білдірді. Меркі ауданының жұрты 30 жылдан бері тас-талғаны шығып жатқан жолдарды жөндеп беруін талап етуде. Айтуларынша, шұрық-тесік көшелерден жүру қиямет қайымға айналған. Көліктердің жиі бұзылуы өз алдына, жол апаты да көбейген. Ал, мәселенің бүгін-ертең шешілуі екіталай.

  • 21 Наурыз 2014
  • 339
Фото - Caravan.kz

«Мерейлі Меркі» деп әнге қосылған ауданның негізгі көшесінің сыйқы осы. Тас жолының тас-талқаны шығып жатыр. Жұрттың мұндай көрініске еті үйреніп кеткен. Себебі, Қырғызстанды жалғап жатқан күре жол 30 жылдан бері күрделі жөндеу көрмепті.

Сәулебай Досманбетов, Меркі ауданының тұрғыны:

Мынау нағыз тозаққа баратын жол. Жолда шұңқыр табақтай-табақтай, қазір сіздер құрғақта келіп отырсыздар. Егер жаңбыр жауса шұңқырдың біреуі де  көрінбейді.

Жолдың азабын әсіресе көлігімен адам тасып, шай- пұлын айырып отырған жүргізушілер көруде. Шұрық тесік жолдан машинамыз жиі бұзылады деп жыларман болды. Жаяу жүргіншілердің де жайы мәз емес. Тасымалдаушы компаниялар ойқы-шойқы жолдармен жүруден бас тартыпты. Салы суға кеткен бұқара биліктің бейқамдығына қапалы. 

СНХ: Нұрәділ Тырнақбаев, Меркі ауданының тұрғыны:

-Тұрған жеріміздің өзі шұңқыр. Салығымызды уақытылы төлеп жатырмыз. Авария дегенің күнде. Білмеймін ақ үйдегілер далаға шығады ма, шықпайды ма, көре ме, көрмейді ме? Әлде жұмсақ көлікпен зыр етіп өтіп кететін шыға?…

Биыл аудандық бюджеттен үш жүз млн. теңге бөлініп 22 көше орташа жөндеуден өтпек. Алайда, жұрттың жанына батқан 14 шақырымдық жол бұл тізімге кірмей отыр. Себебі екі көше республикалық маңыздағы болып саналады. Сондықтан қаражат ел қазынасынан жұмсалуы тиіс. 


Қамбар Смайылов, Меркі ауданы әкімінің орынбасары:

-Қазіргі таңда ауда мен облыстың бюджеті ондай қаражатты көтере алмайды. Сол себептен республикалық бюджетке сұраныс жібергенбіз. Қазіргі таңда сол ақша бөлінбей отыр.

Сметалық құжат екі жыл бұрын әзірленіп қойған. 14 шақырым жолға 4 млрдқа жуық қаржы жұмсалады деп көрсетілген. Ал, шенділер Астанаға қарап алақан жайып отырғанда, дап-дайын сметалық жобаның да мерзімі өтіп кетуі мүмкін.