Екпіні қатты су сау ете түскенде жұрт қайда қашарын білмеген. Ауыл ортасынан өтетін шағын ғана арықтың арнасынан асып кететінін ешкім күтпепті. Қызыл су айналдырғаны екі сағаттың ішінде көшені шайып өтіп, аулаларды басып қалған.
Тамара Гардеева, Прапорщиково ауылының тұрғыны:
—Судың көп болғаны сонша, биіктігі бір метрге жетті. Тіпті етікпен де жүре алмай қалдық. Міне, су ішіп отырған құдықты шайып кетті. Ішіне қоқыс толды. Енді ауызсуды қайдан аламыз, білмеймін.
Жертөледегі азық та жарамсыз болып қалыпты. Тамара Гардеева омарташы. Еріген қар суы бал араларының ұяларын шайып кеткені бәрінен де қабырғасын қайыстырған. Қоймадан аралары сақталған жәшіктерді шығарып үлгермедім дейді. Шенеуніктер де келіп, жағдайға көз жеткізіп кеткен. Алайда, тұрғындар сұраған құмды сол күйі жеткізіп бермепті.
Римма Шмурыгина, Прапорщиково ауылының тұрғыны:
—Өздерің ақша жинаңдар, қосылып жолды қалпына келтіріңдер деді. Сонда осындай жағдайға Үкімет бөлетін ақша қайда кетеді? Өңшең зейнеткерлер мен жарымжан адамдар тұрады бұл көшеде.
Қазір Прапорщиков ауылындағы тасқыннан жол жүруге жарамай мүлдем қалды. Көлік тұрмақ, жаяудың өзіне кешіп өту қиямет қайым. Тұрғындар болса, «қызыл су тағы келуі мүмкін» деп алдағы қауіпке алаңдап отыр.