Екі жыл қатарынан Чапаевка ауылында жарылыс ұйымдастырып, 9 адамға түрлі деңгейде жарақат салған үшеуге қатысты үкімді тыңдауға келгендердің қарасы қалың. Көпшілігі айыпталушылардың туыстары мен жақындары. Сонымен, 54 жастағы Александр Ефимов пен 25 жастағы Сергей Демченконы сот мүлкін тәркілеп, 14 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарса, 26 жастағы Ерлан Аманбалаев енді 13 жылын қатаң тәртіптегі түрмеде өткізуі тиіс. Алайда, ешқайсысы келіскен жоқ.
– Судья әділетсіз! Қарғыс атсын сені.
Дегенмен тергеушілер келтірген дәйек сотты сендіре алған. Сотталғандардың үшеуі де бұрын темір торды көріп қайтқан екен. Сондай-ақ ұсталған кезде олардан есірткі табылған. Ал, жарылыстарды бақуатты тұрғындарды қорқытып, ақша бопсалау үшін жасапты.
Мырзахан Исаев, судья :
—Олар апарып қояды. Қойған кезде олардың мақсаты қорқыту. Мысалы жас бала түсіп қалды. Оның аяғына зақым келді. Одан кейін әйелдер, ересек адамдар жарақат алған.
Қылмыспен аты шыққан Чапаевкада 2012-2013 жылдары 12 жарылыс тіркеліп, бірнеше адам әртүрлі жарақат алған еді. Мысалы, бір үйде үш рет жарылыс жасалса, тағы бір шаңырақ 2 мәрте осыдан зардап шеккен. Дегенмен үйі жарылғандардың барлығы бірдей бақуатты дей алмайсың. Ал, сотталғандардың туыстары болса әйтеуір кінәлілерді тауып, тез арада істі жабуға тырысуда дейді.
Жанат Аманбала, сотталушы Ерлан Аманбалаевтың анасы;
— Өздері бәрін істеп алып, бұларды «жетім» «ешкімі жо»қ деп отырғызып жіберіп жатыр. Жәбірленушілердің өзі айтты ғой «бұлар емес» деп.
-Шынында сотқа жәбірленушілердің ешқайсысы келген жоқ. Олар айыпталушыларға қатысты кешірім де берген екен. Алайда, судья мұны есепке алмапты. Жазамен келіспеген тарап енді әділдік іздеп Астанаға бармақ.