Осыған дейін өткізілген екі бірдей «KADEX» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің тәжірибесі шетелдіктер тарапынан отандық өнім өндірушілерге қызығушылықтың артқанын аңғартады. Көрмені өткізу барысында отандық және шетелдік өндірушілер шығарған Құрлық әскерлерінің қару-жарағы мен әскери техникасын көрсету жоспалануда.
«Алда өткізілгелі отырған көрменің басты ерекшеліктерінің бірі ондағы секцияларға қойылатын экспонаттардың ауқымдылығында. Мұнда ғарыштық технология, авиация мен авиациялық қару-жарақ, әуе шабуылынан қорғану жүйелері мен құралдары, әскери саладағы робот техникасы, ІТ-технология, байланыс жүйесі мен құралдары, әскерлерді тылдық және техникалық қамтамасыз ету, Құрлық әскерлері мен Әскери-теңіз күштерінің қару жарағы мен әскери техникасы қойылмақ», — делінген министрлік мәліметінде.
Қазірдің өзінде ТМД елдері, сондай-ақ алыс жақын шетелдердің екі жүзден астам комапниясы қазақстандық көрмеге қатысуға өтінім беріп отыр. Олардың қатарында қару-жарақ шығаратын атақты Fabbrica d Armi Pietro Beretta S. p. A., EADS, Israel Aerospace Industries, Otokar, Ceska Zbrojovka, Rohde & Schwarz, Poly technologies Inc. және басқа брендтер бар. Ресей Федерациясы мен Түркия Республикасының өндірушілеріне жекелеген павильондар жалға алынып қойды. Компания атына көрмеге қатысуға 23 елден 225 өтінім келіп түсті. Көрме өткізілетін алаңның жалпы көлемі — 5000 шаршы метр.
«KADEX» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі шеңберінде халықаралық әскери-ғылыми-техникалық конференциялар, семинарлар, тұсаукесерлер мен дөңгелек үстелдер өткізілмек. Көрменің ең басты мақсатының бірі — қорғаныс өнеркәсіп кешенін дамытуды жеделдету және елімізге шетелдік инвестицияны тарту.