Алматының «Қайраты» тағы жеңіліс тапты - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
5 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматының «Қайраты» тағы  жеңіліс тапты

Алматының «Қайраты» тағы жеңіліс тапты

Жаңа маусымды сылбыр бастаған  Алматының «Қайраты» тағы да жеңіліс тапты.  Бұл жолы алматылық футболшылар өз алаңында 0:1 есебімен Шымкенттің «Ордабасына» есе жіберді.

  • 1 Сәуiр 2014
  • 206
Фото - Caravan.kz

Қоржындарына ұпай түспеген екі команда арасындағы бәсеке алаң иелерінің шабуылымен басталды. Қонақтардың қақпасына үнемі қауіп төндірумен болған «Қайраттың» есеп ашатын мүмкіндіктері аз болған жоқ. Бірақ  «Ордабасының» қақпашысы Цветков  бүгінгі ойында жақсы қырынан таныла білді.  Қақпашының ерлігі  алғы шептегі әріптестеріне әсер етпей қоймапты.  «Қайраттың» қысымына төтеп берген қонақтар  ойын аяқталуға санаулы минуттар қалғанда  жеңісті жұлып кетті.  «Ордабасыға»  осы маусымдағы алғашқы жеңісті тарту еткен бұл  допты Эдин Юнузович соқты.

 

Осы турдағы кездесулердің бірінде Қостанайда жергілікті  «Тобыл» 0:2 есебімен «Жетісудан » ұтылды. «Затоболец» стадионына жиналған үш мыңдай көрермен сүйікті клубынан мұндай нәтиже күтпегені анық.

Бірінші таймның соңында  сол қапталдан көлденең жеткен пасты, алыс бұрышта күтіп алған Конситантин Заречный  жақын жерден мүлт кетпеді. Кездесудің екінші бөлігін ширақ бастаған Нұрбол Жұмасқалиев пен оның командасы ойын  барысын  өзгертуге  көп әрекет жасап бақты.  Бірақ сыр бермеген қонақтар , реті келгенде таблодағы есепті еселеп кетті.  Төреші белгілеген он бір метрлік айып добын қақпаға дәл бағыттаған Сергей Шафф бүгінгі матчқа нүкте қойды. Үш турдан кейін турнир кестесінде еншілеріне жеті ұпайдан жазған төрт  команда көш бастап тұр. Олар — «Ақтөбе», «Жетісу», «Атырау» және  «Астана».   

 


Испанияда көпкүндік  «Вуэльта Каталония» велододасы мәресіне жетті. Мәртебелі жарыстың соңғы кезеңінде «Астана» сапында өнер көрсететін голландиялық велошабандоз Льюв Вестра топ жарды.

Пелотонға қарасын көрсетпей кеткен Вестра көмбеге дара жетсе,  неміс Маркус Бургхард екінші, ал француз Томас Веклер  үшінші нәтиже көрсетті.

Көпкүндіктің қорытындысы бойынша бас жүлдені испаниялық шабандоз Хоаким Родригес жеңіп алды.  «Tinkoff-Saxo» клубының намысын жыртып жүрген экс-астаналық Альберто Контадор жалпы есепте екінші орыннан табылды. Тұғырдың үшінші сатысына  америкалық Тиджей ван Гардерен көтерілсе, «Астананың» тағы бір өкілі Якоб Фульсанг  «Вуэльта Каталонияны » тоғызыншы орынмен аяқтады.