Үш баланың анасы Айнұр Отева «кішкентайларымды есік алдына ойнатудан да қалдым» дейді. Ал таяқ тастам жердегі дүкенге азық- түлікке бару келіншек үшін қиямет қайым. Әсіресе, мектепте оқитын қызыма обал болды деп отыр.
Айнұр Отаева, Петропавл тұрғыны:
-Сабаққа кеттім деп кеткен, резеңке етігін киіп. орта жолда батып, резеңке етігі саз балшыққа кіріп кеткен. Ала алмай жылап, жалаң аяқ үйге келді. Соны барып саздан алып шығып, сабақтан кешігіп қалды.
Неге екені белгісіз шенеуніктер шаһардың бас жоспарын құрғанда қаланы батыс жаққа қарай кеңейту туралы шешім қабылдапты. Ал бұл маңның батпақты екенін ескермеген. Тіпті құрылысы үш жыл бұрын басталған Назарбаев зияткерлік мектебінің іргетасы батпаққа батып, жаңасын құюға тура келіпті.
-Шенділер жаңа ықшамауданды «Береке» деп атапты. Алайда берекесі қашқан тұрғындар бұл атқамінерлердің мазағы деп отыр. Ми батпақтан шынында да мұнда аяқ алып жүру мүмкін емес. Бұл маңнан орталыққа не жаяу, не көлікпен қатынау мүмкін болмай қалды деп жылайды тұрғындар.
Ал мына үйдегілердің барлығы жас отбасы бағдарламасы бойынша баспаналы болғандар. Көбі іріктеуден бала шағаларының көптігінен ғана өткендер. Енді сол балаларды балабақшаға қалай жеткізерін білмей, жүнжіп жүр.Жаңа ықшамауданда тіпті ауыр құрылыс техникасы да белден батпаққа батып жатыр. Орталыққа қатынап жұмыс істейтін тұрғындардың резеңке етіктен мезі болғаны сонша , аяқтарына кейде полиэтилен пакет киіп шығады екен.
Марат Мұқашев, Петропавл қалалық әкімдігінің құрылыс бөлімінің меңгерушісі:
—Қазір жаңа ықшамауданға магистральды желілерді тарту жұмыстары аяқталып қалды. Бірақ тұрғындарға уақытша құм не тас төсеп беруге бізде қаржы жоқ. Ол үшін көп ақша керек. Тұрғындар шыдай тұрсын.
Атқамінердің айтуынша, жаңа ықшамауданға бірден бес жол төсеуге 360 миллион теңге бөлініпті. Бірақ оның тек он пайызы ғана облыстық бюджеттен нақты бөлінген. Енді қалғанын сұрап, республикалық қазынаға қол жайып отыр.