Кездесу барысында тараптар ҚР Президенті Н.Назарбаев пен АҚШ Президенті Б.Обаманың Ядролық қауіпсіздік саммиті шеңберінде (Гаага, 24-25 наурыз) өткізген келіссөздерінің қорытындыларын талқыға салып, Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын қарастырды. Тараптар екі елдің сыртқы саяси ведомство басшылары Е.Ыдырысов пен Дж.Керри тең төрағалық ететін стратегиялық әріптестік жөніндегі Комиссияның жұмысын қанағаттана атап өтті.
Сауда және инвестиция саласы келіссөздердің маңызды тақырыбына айналды. ҚР СІМ Басшысы біздің мемлекетіміздің америкалық компаниялардың Қазақстанның индустриалды-инновациялық бағдарламасында белсенді қатысуына мүдделі деген Елбасы тезистерін қайталады. Сонымен қатар ол америкалық компанияларды ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақырды.
Е.Ыдырысов пен Н.Бисвал алдыңғы жылы Астанада қазақстан-америкалық ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Комиссияның іске қосылуының маңызын атап өтті. Бұл ҚР мен АҚШ арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Келісімді іске асырудағы және АҚШ-пен ғылыми-техникалық саладағы ықпалдастықты алға тартудағы айтарлықтай жетістігі болып табылды.
Сұхбаттастар халықаралық саясат пен аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, соның ішінде Украинадағы ахуал бойынша пікір алмасты.
Келіссөздер нәтижесінде тараптар ҚР мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікті әрі қарай кеңейту мен тереңдету қажеттілігі туралы өзара түсіністікке келді.
Айта кетейік, Н.Бисвалдың Астанада Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде сөз сөйлеуі жоспарланған. 2 сәуір күні америкалық дипломаттың сапары Алматыда жалғасатын болады.