Бас басылымда «Зардап шеккендер көмексіз қалмайды» атты мақала басылды. Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов Үкімет отырысын Қарағанды облысына қарасты Көкпекті ауылындағы су тасқынынан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтудан бастады. Осы ретте Үкімет басшысы су тасқынынан зардап шеккен бірде-бір отбасы билік назарынан тыс қалмауы тиістігін баса айтты. Бұған қоса, Премьер-Министр су тасқыны қаупі жоғары өңірлердегі гидроқұрылғылардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды. Облыстардың, Астана мен Алматының әкімдеріне елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қосымша шаралар қабылдау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, су тасқыны орын алған жағдайда әрекет ету және қауіпсіз жерге көшу туралы ережені халық арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін ескере отырып, жалпы бақылау жұмыстары мен мониторингті Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа жүктеді.
***
Елімізге террорлық топтардан аса қауіп жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын қоғамды дүрліктіріп жіберген діни радикалды ұйымдар бүгінде өз қарқынын бәсеңдеткен секілді. Бұл жайында кеше елордада Қазақстанның коммуникациялар қызметінде өткен брифингте саясаттанушы Ерлан Қарин мәлімдеді. Жалпы, қоғамды алаңдатқан экстремизм мен лаңкестікке қарсы іс-әрекетті арнайы зерттеген саясаттанушы жинақтаған бірқатар деректермен бөлісті. Осы тақырыпты арқау еткен мақала «Айқын» басылымының бүгінгі санында « Қазақстан қауіпті елдердің қатарында емес» деген тақырыппен берілген.
«Айқын» газетінің жазуынша, «Алматыда «100 тұлға — 100 пікір» кітабының тұсаукесері өтті. Жаңа басылымның негізі «САЙГЕЗ» телевизиялық ток-шоуының әдеби-көркем өңделген түпнұсқасында жасалған. Кітаптың авторы — белгілi журналист, қаламгер Талғат Сүйінбай. Автор осы бағдарламаларда көтерілген бүгінгі күннің өзекті мәселелері туралы жүз адамның теледидардан берген пікірлерін жинақтап, тарихи кітап шығарды. Бұл жинақ осынысымен құнды. Осы мақала «100 тұлғаның пікірі» атты тақырыппен көпшілік назарына ұсынылып отыр.
***
«Экспресс К» басылымы бүгінгі санында «И вновь продолжается Бойд» деген тақырыппен елордалық «Барыс» хоккей командасының ойыншысы Дастин Бойдпен арадағы сұхбатты жариялап отыр. Танымал хоккейші осы сұхбатта ҚХЛ чемпионатындағы кезең команда үшін қалай өткенін және плей-офф сериясында Уфаның «Салават Юлаев» командасымен өткен соңғы тартысты ойын жайында өз пікірін ортаға салды.