Ескі тоңазытқыштарға елдің есі неге кетіп жүр? - kaz.caravan.kz
  • $ 479.26
  • 546.21
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
2 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ескі тоңазытқыштарға елдің есі неге кетіп жүр?

Ескі тоңазытқыштарға елдің есі неге кетіп жүр?

Ғаламтор кеңістігінде «1952-1957 жылдары шыққан «Зил-Москва» тоңазытқыштарын сатып аламын!» деген жарнамалардан көз сүрінеді, деп жазады alashainasy.kz.

  • 12 Мамыр 2014
  • 591
Фото - Caravan.kz

Расында да, делдалдардың ұсынып отырған бағалары 1000-10 000 АҚШ долларының айналасында екен. Тауарға қойылатын негізгі талап: тоңазытқыш есігінің тұтқасы тік орналасқаны қажет және мұздатқыш камерасы жоғарғы оң жақ бөлігінде тұруы керек міндетті түрде. Ескінің көзін іздегендер соңғы уақыттарда ауыл-ауылдарды аралап, қаладағы пәтерлердің есігін қағып жүргенге ұқсайды.
Ел ауызындағы аңыздарға сүйенсек, өткен ғасырдың ортасында қолданысқа шыққан «ЗИЛ-Москва» тоңазытқыштарында табиғатта сирек кездесетін, бәлкім мүлдем кездеспейтін қызыл сынап бар көрінеді, оның бір түйірінің өзі миллион долларға бағаланады-мыс. Онымен қоса агрегаттың мұздатқыш камерасына фреон орнына құйылған сұйықтық ұялы телефондардың сигналын тұншықтырады екен, тағы біреулердің айтуынша, тоңазытқышта кезінде құны бағаланбаған ядролық қару жасауға пайдаланылатын қымбат металл бар. Тоңазытқыштарын сатқандардың айтуынша, сатып алушылар келіп ұялы телефондарын мұздатқыштың ішіне салып, есігін жауып оған қоңырау шалады екен. Егер «абонент қызмет көрсету аясынан тыс жерде» болса, түкке жарамай тұрған ескі жәдігеріңіз кем дегенде 100 мың теңгеге бағаланады. 
Осыдан бір апта бұрын жерлесіміз Еламан Тұрысбеков әкесі екеуі гараждағы ескі-құсқыны тазалап жүріп, аталмыш тоңазытқышты тауып алады. Әлдеқашан істен шыққан ескі агрегаттан бәрібір құтылу керек, оның бағасының шарықтап тұрғанын білетін Еламан сол күні интернетке «ЗИЛ-Москва» тоңазытқышын сатамын» деген хабарландыру орналастырады. Сол түні-ақ толассыз түскен қоңыраулар мен сатып алуға ниет білдіргендер саны көбейе бастаған.
«Тоңазытқышыма құда түскендер көп болды, әркім әр түрлі баға ұсынып бақты, әрине біз ең көп ақша ұсынған адамға саттық. «ЗИЛ-Москваны» ертеңінде 990 мың теңгеге алып кетті, қуанышымызда шек жоқ», — дейді Еламан Тұрысбеков. 
Қазір сатылымға түсіп жатқан тоңазытқыштардың ең алғашқы моделі «ЗиЛ-Москва ДХ-2» 1951 жылы дүниеге келген. Оның құрастырушысы Сергей Камшикировтің ұлы Игорь Камшикиров журналистерге берген сұхбатында тоңазытқыштарда қымбат металдардың бар екендігіне сенбейтінін айтыпты. «Бұл  — ешқандай ақылға сыймайтын дүние. Мен ол агрегаттың құрылымын жақсы білемін, кез келген қарапайым тоңазытқыштардағыдай оның артында кәдімгі компрессор, буландырғыш пен конденсатор тұр. Егер оның өндірісіне құпия технологиялар пайдаланылса, зауыт жұмысы жабық жағдайда болар еді. 50-жылдары ондай режим болған жоқ», — депті атақты инженердің ұлы.
Әрине, алғашқы лекпен ауласындағы ескі тоңазытқыштарын сатып жібергендер пайдаға кенелері анық, алыпсатарлықпен айналысып, ақша қуған делдалдар ойын аяқталар тұста түкке жарамайтын темір-терсек құшақтап қалуы әбден мүмкін. 

Шығыс Қазақстан облыстық ІІД бастығының баспасөз хатшысы Бақытжан Торғаевтың айтуынша, бұл әккі алаяқтардың кезекті бір қойылымы болуы мүмкін.
«Әзірге ескі тоңазытқыштар төңірегінде нақты бір заң бұзушылық оқиғалары тіркелген жоқ. Біз, дегенмен, қарапайым халықты ескі заттарды жинап жүрген пысықтардан сақтандырғымыз келеді. Қазір — ақпараттық технологиялардың дамыған заманы. Түрлі смс хабарламалар, интернет арқылы жалған хабарландырулар жариялап, жұрттың басын қатырып жүргендер жетерлік. Қазақта: «Бұл не деген батпан құйрық — айдалада жатқан құйрық?» деген сөз бар. Оңай олжаға қызығып, байлық қуып жүрген делдалдар түптің-түбінде жиған-тергенін тозған темір-терсекке айырбастап, түксіз қалуы мүмкін. Біздің ойымызша, өткен ғасырдың ортасында құрастырылған тоңазытқышта қандайда бір құнды металдың немесе ел айтып жүрген қызыл сынаптың болуы тіптен де мүмкін емес. Бұл халыққа арнап жасалған кәдімгі қарапайым тұрмыстық техника екендігін ескеруміз қажет. Сол себептен де алаяқтар әрекетінен сақ болуға шақырамын», — дейді ІІД қызметкері Бақытжан Торғаев.

Википедияның мәліметтеріне сүйенсек, жарнамаларда жарияланып жүрген тоңазытқыштарға құйылған қызыл сынап табиғатта мүлдем кездеспейтін көрінеді. Келесі біреулердің айтуынша, тоңазытқыш ішінде -500 градус суыққа төтеп бере алатын сұйықтық бар-міс. Ал физика заңдылықтарына сүйенсек табиғаттағы ең төмен абсолюттік температура Цельсий бағанасы бойынша -273 градусқа дейін ғана жетеді екен. 


Әзірге ескі тоңазытқыштар дүрбелеңі басылған жоқ, бірі алып, бірі сатып жатыр.