Бұл туралы бүгін VII Астана экономикалық форумында өткен «Дамушы нарықтар және Қазақстан: қиындықтар мен мүмкіндіктер» атты панельдік сессияда Қазақстандағы Үндістан мемлекетінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Ашок Кумар Шарма мәлім етті.
«Бүгін бізде аталмыш мұнай желілерін жүргізудің мүмкіндігі болмай отыр. Егер Каспий теңізінен Қазақстанның оңтүстік облыстарына мұнай құбыры жүргізілмесе, Үндістан оны өзінің аумағына дейін жалғастыра алмайды. Қазіргі уақытта Үндістан Қазақстан арқылы Орталық Азиядағы нарықтарға шығудың жаңа саясатын қалыптастыруға ықылас танытуда», — деп атап өтті ол.
Оның атап өткеніндей, Қазақстан минералдық және тау-кен ресурстарына, мұнай мен газға, уран сынды ядролық энергетика шикізатына өте бай мемлекет болып табылады. Осы орайда, Үндістан үшін Қазақстанмен қарым-қатынас үлкен маңызға ие.
«Қазақстан кәсіпкерлері де мұнай-газ, мейманхана бизнесі, құрылыс саласы бойынша Үндістан нарығында еркін қызмет ете алады. Қазақстанды біз әлеуеті жоғары нарық ретінде санаймыз. Біз жергілікті нарықтарда бірлескен кәсіпорындарды құра аламыз. Мысалы, Кореяның Ссанг Ионг компаниясының 70 пайыз акциясын иеленетін Үндістанның Махиндра және Махиндра компаниясы Қазақстанда көліктер мен тракторларды шығаратын зауыт салуды жоспарлауда. Кедендік одақ және ТМД елдері арасында неге Қазақстан таңдалды? Себебі мұнда ең тиімді инвестициялық саясат құрылған», — деді елші.