«Қазақстан Барысы» атағына таласатын палуандардың аты-жөні анықталды - kaz.caravan.kz
  • $ 480.72
  • 548.07
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
1 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
 «Қазақстан Барысы» атағына таласатын палуандардың аты-жөні анықталды

«Қазақстан Барысы» атағына таласатын палуандардың аты-жөні анықталды

Қазақстан Барысы” жыл айналып қайта оралды. Қазақ күресінен өтетін дүбірлі доданың ақтық сынына шыққан балуандардың есімдері түгел белгілі. Бүгін еліміздің түкпір-түкпіріндегі іріктеуден өткен 32 балуан ұйымдастырушылар мен журналистерге таныстырылды. Іріктеусіз финалға өткен жалғыз спортшы – ол турнирдің былтырғы жеңімпазы Айбек Нұғмаров.

  • 23 Мамыр 2014
  • 657
Фото - Caravan.kz

Жауырыны қақпақтай, білектері тоқпақтай деп батырлар жырында жырланатын жігіттер бұл. Алаш атырабынан Алатау бауырына төрт көздері түгел жиналған 33 палуан таңсәріде бой жазып алды. Уыс-уыс көк қағаз бен тайтұяқ алтыны жеңімпазға сыйға берілетін жобаға жігіттер ақша үшін емес абырой үшін келдік дейді. Бастысы белдескеннің белін бүккен Қазақстан Барысы атану. Турнирге биыл қатысқалы отырған жастар да атағы жер жарған алдыңғы буыннан қаймығар емес.

Саят Шәмшиев, Алакөл бөрісі:

-Бағым жанып тұрса, айым оңынан туып тұрса неге ұтпасқа. Бұл жерде жеңілем деп бармайсың ғой қай палуан болса да, жеңіске жетем.

Алакөлдің бөрісі азуын көрсетті осылай. Артынша қазақша күрестен алмаған жүлдесі қалмаған Бейбіт Ыстыбаев азуын айға біледі. Жамбылдың жауырынды жігіті былтырғы жарыста финалға өттім деп, 3-ші орын үшін айқасқа шықпай айқай болған. Сол олқылықтың орнын толтырам дейді.

Бейбіт Ыстыбаев, «Қазақстан барысы-2012»

-32 палуанның бір 22-мен кездестім. 10 шақты рет 15 шақты рет. Нұғмаров Айбектермен 20 шақты рет шыққан кездер болды. Қалған 10 палуан жаңадан шығып жатқан жас түлектер. Бас бапкер айтып жатыр ғой, басқа спорт түрінен келгендер, вольнигі бар, самбодан келгені бар.

Сен тұр мен атайын деген кіл мықты ешкімге шаппай бәйге бермек емес. Барлығының жоспары қарсыластың жауырынын жер иіскету. Қазақстан Барысы жобасына іріктеу биыл еліміздің барлық өңірінде өтті. Сол сайыста үздік шыққан 32 балуан ақтық сайысқа жолдама алып отыр. Финалға тікелей өткен бір балуын ғана — былтырғы турнирдің жеңімпазы Айбек Нұғмаров.


Айбек Нұғымаров, «Қазақстан барысы-2013»

-Былтырғыға қарағанда биыл екі есе жаттығулар жасау керек болды. Абыройды алып еңбекпен келгеннен кейін оны қорғап қалу өте қиын.

Боз кілемде ұйымдастырушыларға өнерлерін көрсеткен спортшылар 29-шы маусымдағы Астанада өтетін ақтық сайысқа дайындықтарын пысықтауға аттанды өз өңірлеріне. Шара соңында дәстүрлі журналистер арасында “Қазақстан Барысы” өтті. Осымен екінші жыл қатарынан бас жүлде мен арнайы белдікті әріптесіміз Ерқанат Көпжасарұлы ұтып алды.

-Қазақстан Барысы жобасының биылғы ақтық сыны да Астанадағы Сарыарқа велотрегінде өтеді. Билеттер 1-ші  маусымнан бастап сатылымға түспек. Жеңімпаз 150 мың доллар мен тайтұяқт алтынды қанжығасына байлайды. Айта кетейік, күш атасын танымас дейтін қазақ күресінде салмақ өлшеп сандалмайды ешкім. Дегенмен, биылғы балуандардың ең ауыры 160 келі болса, ең жеңілі 82 келі тартыпты.