Тарихы терең бұл турнирда бір қаланың екі командасы ешқашан финалда ойнамаған. Сондықтан да болар бұл матчқа қызығушылық жоғары. Қос команда да биыл чемпиондар лигасында топ жаруға лайық. Биылғы маусым “Атлетико” үшін сөзсіз табысты болды. Диего Симеоне шәкірттері жақында Испания чемпионатын жеңіп алғаны белгілі. Ендігі кезекте олар жеңісті дубль жасауға талпынары анық. Ал “Реал” бұл финалды 12 жыл күткен. Десе де “корольдік клуб” чемпиондар лигасын 9 рет жеңген ең азулы команда. “Атлетико” мен “Реал” арасындағы финалды сіздер ертең түңгі сағат 00:45 те тікелей эфрде көре аласыздар.
Кәсіпқой бокста атой салып жүрген қазақ жігіттерінің бірі- Иса Ақбербаев. Жерлесіміз бірінші жартылай ауыр салмақ бойынша IBO тұжырымының құрлықаралық чемпионы.
1-ші маусым күні Ақбербаев өзінің кәсіпқой бокстағы он үшінші жекпе-жегін өткізеді. Бұл жолы алматылық боксшы кениялық Моррис Околамен қолғап түйістіреді. Африкалық шебер бұған дейін төрт кездесу өткізіп оның бәрінде жеңіске жеткен. Исаның көрсеткіші қарсыласымен салыстырғанда анағұрлым жоғары. 11 жекпе-жекте мерейі үстем болған Иса, жеті қарсыласын айқын ұтқан. Иса Ақбербаев пен Моррис Окола арасындағы бәсеке Мәскеу түбіндегі Мытищы қаласында өтеді. Осы кештің орталық матчында ресейлік Максим Чудинов пен даниялық Патрик Нильсен күш сынасады.
Шайбалы хоккейден Минскіде өтіп жатқан әлем чемпионаты өзінің шырқау шегіне келіп жетті. Ең қызығы атышулы Канада мен АҚШ биылғы чемпионаттан жүлдесіз қалды. Америкалық хоккейшілер ширек сында Чехияға ұтылса, Канада 2:3 есебімен Финляндияға есе жіберді.
Минскі мұз айдынында жеңілістің ащы дәмін татпаған Ресей, ширек финалда Францияға дес бермеді. Есеп 3:0. Жартылай сынның жолдамасы сарапқа түскен соңғы бәсекеде Швеция мен Беларусь құрамалары кездесті. Аса шиленісті өткен бұл матчта 2:3 есебімен скандинавиялық хоккейшілердің мерейі үстем шықты. Сонымен жартылай финалдың бірінде Швеция мен Ресей , ал екінші жұпты Чехия мен Финляндия құрады.