Кешеннің бас инженері Мұхит Көшербаев облыс басшысына өндіріс барысын таныстырды, деп хабарлады strategy2050.kz облыс әкімдігінде сілтеме жасап.
Кешенде тәулігіне 210 литр шұбат, 1800 литр қымыз өндіру және жылына 1080 кг жылқы, 735 кг түйе етін өндіруді жоспарланған. Қазір 150 литр шұбат пен 60 литр қымыз ғана шығарыла бастады. 25 адам толық жұмыспен қамтылады. Болашақта тауар көлемін арттырып, оны Ресейге, алыс шет елдерге шығару ойда бар.
Қожалық алған несиесіне 142 жылқы және 40 бас түйе мен қымыз, шұбат құятын қораптарды дайындайтын қондырғылар сатып алған.
Қымыз бен шұбат арнайы бір тонналық бөлек-бөлек қазанға жиналады да, содан соң өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін белгіленген температурада қыздырылып, қайта суытылады. Осы жерде арнайы зертханада өнім сапасы тексерілген соң бір литрлік құтыға құйылады. Бұл жұмыстың бәрі ресейлік және итальяндық технологиялармен жабдықталған кешенде автоматты түрде жүзеге асырылады.
«Елбасының тапсырмасына орай қазір ауыл шаруашылығымен шұғылданамын деушілерге барлық жағдай бар. Бұл сала қазір табыстың көзіне айналып отыр. Өзгенің өніміне көз сатпай, Атырау өңірінде мал өсіріп, егін салып, өз өнімімізді шығаруымыз керек», — деді аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов.