Оқиға «Балапан» мектепке дейінгі мекемесінің музыка залында биыл мектепке баратын балалардың балабақшамен қоштасу ертеңгілігі өтіп жатқан сәтте орын алған, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Тәрбиеленушілер билеп жүрген мезетте төбенің бір тұсындағы сылақ кесектері құлап, 5 пен 7 жас аралығындағы бүлдіршіндердің басына түскен. Абырой болғанда, олар болар-болмас сызаттар алған, ауыр жарақаттанғандары жоқ. Ауруханаға жедел жеткізілген балаларды дәрігерлер тексерген соң үйлеріне қайтарып жіберіпті.
«Балаларға рентгенография жасалды. Олардан бас сүйегінің патологиясы анықталған жоқ. Нейрохирургпен бірге қараған соң бас сүйегінің шайқалуы диагнозы алынып тасталды. Алғашқы көмек көрсетілген соң бүлдіршіндер үйлеріне қайтарылды», — деді Ақтөбе облыстық балалар ауруханасының дәрігері Әкімжан Әубәкіров.
Қалалық білім бөлімінің ақпаратына сәйкес, 2010 жылдың желтоқсанында ашылған бұл балабақша осыдан 4 жыл бұрын қайта жарақталып, пайдалануға берілген.
Төтенше жағдай мамандары мен білім бөлімінің өкілдерінен құрылған арнайы комиссия оқыс оқиғаға байланысты арнайы тексеру жұмыстарын қолға алды.