Мына фотосуреттер мен жейделер – жарық дүниеде төрт-ақ күн өмір сүрген Анисаның жеке заттары. Нәресте туа бітті жүрек кеселіне шалдыққан. Жергілікті перзентханадағылар Астанада ота жасалса, баланың аман қалуы әбден мүмкін депті. Алайда Аниса республикалық кардиологиялық орталықтың ота жасау үстелінде шетінеді.
Татьяна Пруткова, Өскемен қаласының тұрғыны:
—Мен босанған соң қызымды қолыма жарты сағат та ұстаған жоқпын. Дәрігерлердің өрескел қателіктерге жол бергенін жақсы біліп отырмыз. Енді олар кінәні бір-бірінен іздеп әлек. Астаналық дәрігерлер баламның жүрек кеселінен емес, кәдімгі ішек жолдарының бітеліп қалуынан шетінегенін айтты.
Нәрестенің денесі алты тәуліктен бері Астанадағы мәйітханалардың бірінде жатыр. Оны алып қайтуға қаржы жоқ. Кәрі анасының зейнетақысына қарап отырған келіншек енді жол пұлына жүз мың теңгені қайдан табарын білмей отыр.
Татьяна Пруткова, Өскемен қаласының тұрғыны:
—Ешкім маған ондай үлкен соманы бермейді. Сонда мен баламның денесін алмауым керек пе?! Мәйітханда жатқанына бір апта болды.
Прутковтар отбасы жергілікті әкімдікке көмек сұрап бірнеше рет барған. Шенеуніктер «қалалық бюджетте мүрдені жеткізіп беретіндей қаржы қарастырылмаған» деп қысқа қайырыпты.
Асхат Қуанышбаев, ШҚО Ана мен бала орталығының қызметкері:
— Бұл – отбасының жеке шаруасы. Оған араласуға біздің еш қақымыз жоқ. Бұған дейін қолымыздан келгенше көмек көрсеттік. Ота дер кезінде жасалсын деп Астанаға арнайы самолетпен жеткізген болатынбыз.
Прутковтарға кеше Астанадағы мәйітханадан СМС-хабар келді. Мүрде бұзыла бастаған. Бір-екі күнде алып кетпесе, өртеп жібереміз деп ескертіпті.