Көкшетауда ардагерлер сыйақысын ала алмай жүр - kaz.caravan.kz
  • $ 480.72
  • 548.07
+25 °C
Алматы
2026 Жыл
30 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Көкшетауда ардагерлер сыйақысын ала алмай жүр

Көкшетауда ардагерлер сыйақысын ала алмай жүр

Көкшетауда 300-ден аса тыл ардагері биылғы мерекелік сыйақысын ала алмай жүр. «Соғыстан кейінгі қиыншылықты көріп,  жалындаған жастық шағын еңбек майданында өткізген қариялардың мемлекеттің құрметінен қағылуы ақылға сыймайтын жағдай» дейді әкім-қараларға өкпелі қарттар. Олар Жеңіс күні қарсаңында өздеріне тиесілі теңгені алуға үміттенген еді. Бірақ соны төлеуге бюджеттен ақша табылмай қалыпты. Ал әр ардагерге 10 мен 20 мың теңгеден тиесілі екен. 

  • 28 Мамыр 2014
  • 254
Фото - Caravan.kz

Бар өмірін ауыл шаруашылығы жұмыстарына арнаған Құрманғали Оразалин үшін 9-шы мамыр – ерекше күн. Осы мерекенің қарсаңында ол 90 жасқа толды. Мүгедектер арбасына таңылып, үйден өз бетінше шыға  алмайтын тыл ардагері осы күнді асыға күтіпті. Жылына бір рет берілетін көмекке қолы тисе, арбасын жөндетпек болған.  

Құрманғали Оразалин, тыл ардагері:

-Ешкім керек қылмайды мені, қарамайды.Әкиматқа бардым. 9 майға бір тиын берген жоқ.

Жыл сайын зейнетақыға қосылып берілетін ақшаны қуана күтетін қариялар көп. Солардың бірі – соғыс ардагері мәртебесімен теңестірілген, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, көкшетаулық Мария Фомич. Ол өзіне тиесілі 20 мың теңгені күтіп, көзі талғанын айтады.

Мария Фомич, тыл ардагері:

-Әрине, ренжіп жүрмін. Мен неге өзіме тиесілі ақшаны жалынып сұрауым керек? Күнде телефон шалам, «кейін хабарлас» дейді. Ол не сұмдық?! Мереке әлдеқашан өтті, сондай сыйлық бола ма?

Мария әжей де жақында 90 жасқа толады. Жасынан еңбекпен шыңдалған ол тыным тапқан емес. Тіпті, керек-жарағын да дүкенге өзі барып алады. «Бірақ 9-шы мамырдан бері телефон қоңырауын күтіп, үйден шыға алмай қалдым» дейді әжей. Қарияларды неге қамықтырып қойғанын әкімдік қызметкері өздерінше түсіндіргендей болды.


Инна Адам, «Көкшетау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ басшысының орынбасары:

-Бұған себеп ақша жоқ. Сыйақы мөлшерін өсірдік, бірақ бұған бюджеттен қаржы бөбінбеген. Ардагерлер кеңесі әкімге сыйақы мөлшерін көбейту жөнінде ұсыныс жасаған еді. Енді соны күтіп отырмыз. Ақша түскен соң аударамыз.

Тыл ардагерлері де атқамінерлерден осындай жауап алған. Олар да келесі апта болады деп үміттендіріпті. Содан бері 3-ші апта өтті. Ал сыйақы әлі жоқ.