Осы күні француз теннисшілері жергілікті көреремендердің көңілін таба білді. Ролан Гарросқа 23 нөмірмен терілген Гаэль Монфис румын Виктор Ханескуден айласын асырды. Төрт сетке ұласқан матч 6:2,4:6,6:4 және 6:2 есебімен аяқталды. Отандасының жеңісті жолын жалғастырған Ришар Гаске 1 сағат 37 минутқа созылған бәсекеде аустралиялық Бернард Томичтен басым түсті. Тағы бір француз Жиль Симон үш сеттің нәтижесі бойынша хорват теннисшісі Анте Павичтен алда болды.
Биылғы «Джиро д Италиядағы» ең күрделі таулы кезеңде колумбиялық Найро Кинтана топ жарды. Бір-бірін баққан мықтылардың көзін ала бере сытылып алға кеткен Кинтана сол бойы оларға қара көрсетпей кетті.
Жеңімпазбен соңғы шақырымға дейін қатар шапқан канадалық Райдер Хешедаль мәре сызығын екінші қиды. Көпке дейін оларға жолсерік болған француз Пьер Роллан үшінші орынды иеленді. Үздік алтылықты түйіндеген «Астананың» капитаны Фабио Ару, жалпы есепте алтыншы орынға тұрақтады. Үстіндегі лидердің «қызғылт» жейдесін отандасы Найра Кинтанаға ұстатқан Ригоберто Уран екінші орынға сырғыды. Генеральдық тізімінің үшінші сатысына «ВМС» велоклубының лидері Кадэл Эванс жайғасты.
УЕФА мен Европол келісілген матчтарға қарсы бірігіп күрес жүргізбек. Швейцарияның Ньон қаласында УЕФА-ның президенті Мишель Платини мен Европол директоры Роб Вейнрайт өзара келісімге қол қойды.
Қазіргі кезде футболға бәс тігетін адамдардың саны жыл санап артып келетіні белгілі. Осы орайда алдынала кездесудің есебін білетін екі тарап қыруар ақшалай табыс көруді әдетке айналдырған. Заңсыздықпен күресуге тек УЕФА қызметкерлерінің мүмкіндігі жетпейтінін ескерген Платини Европолмен келісімге отырды. Бүгінде полиция қызметкерлері Еуропа бойынша 9 қылмыстық іспен айналысып жатқанын жеткізді. Бірақ ол қай елдің чемпионаты және қашан болған кездесулер екендігі әзірге құпия.