Мәжіліс депутаты Камал Бұрханов осылай деп мәлімдеді.
«Әлеуметтанушылар аталған нысандардың басшылары арасында құпия сауалнама жүргізді. Тексеруші органдардан өлердей қорқатын олар өздерінің аты-жөнін және мекеменің атауын атамаған жағдайда қойылған сұрақтарға жауап беруге дайындығын білдірген», — деді ол сейсенбі күні мәжілістің мәдени-әлеуметтік даму жөніндегі комитеті отырысында.
Депутаттың айтуынша, сауалнама еліміздегі барлық облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында өткізілген.
«Жасырын сауалнама білім саласындағы сорақылықты көрсетіп берді: әр нысан жылына 10-15 рет тексеріледі екен.
Білім беру нысандарының басшылары айтқандай, бұл ресми органдарға арналған цифрлар ғана. Шын мәнінде тексеру саны бұдан екі есе көп. Яғни, білім нысанының әр қайсысы жылына 20-30 рет тексеріледі деген сөз. Орта есеппен алғанда, ұжымда екі рет тексеру жүргізіледі. Мұғалімдер тексерушілерге қызмет көрсетіп, қағаз толтырып әлек болады. Ішілетін асты, кездесулер мен шығарып салуды қоспағанда. Бір мекемедегі тексеру 2 күннен 1,5 айға дейін созылуы мүмкін. Ал, заң бұзушылық бәрібір болады және айыппұлдан қашып құтылу қиын. Өйткені, барлық қаулылар мен нұсқаулықтардың талаптарын орындау мүмкін емес», — дейді К.Бұрханов.
Оның айтуынша, тексеру солтүстік пен шығысқа қарағанда, оңтүстік пен батыс аймақтарда көбірек жүргізіледі.
«Тексеру саны нормадан бірнеше есе асып-жығылады. Тексеретіндер мен олардың іс-сапарына төленетін ақшаның есеп-саны жоқ», — деді депутат.
Осыған орай, халық қалаулысы тексеруші органдардағы штат саны мен олардың бюджетін екі есе қысқартуды ұсынды .