Теннистен Франция ашық чемпионатының жартылай финалына шыққан үздік төрттік белгілі. Ширек сында француз Гаэль Монфиспен кездескен британдық Энди Маррей тартысқа толы 5 сеттік бәсекеде жеңімпаз атанды.
Алғашқы қос сетте 6:4, 6:1 есебімен жеңіске жеткен Маррей үшінші партияны да қиналмай алатындай көрінген. Бірақ жанкүйерлердің қызу қолдауымен жігерленген Гаэль Монфис екі сетті өз пайдасына аяқтап, есе қайтара білді. Алайда француз шешуші партияда британдыққа еш қауқар көрсета алған жоқ. 6:0 есебімен жеңіске жеткен Маррей жартылай финалда испандық шебер Рафаэль Надальмен күш сынасады. Әйелдер арасында да жартылай финал жұптары анықталды. Ширек сында германиялық Андреа Петкович италиялық Сара Эрраниды екі сетте жеңіп, келесі кезеңге аяқ басты. Жартылай финалда енді Эжани Бушар мен Мария Шарапова, Симона Халеп пен Андреа Петкович өзара мықтыны анықтамақ.
Әлем чемпионатына қатысатын құрамалар өз дайындықтарын әлі де пысықтап жатыр. Амстердамда Уэльсті қабылдаған Голландия нағыз бабында.
Бірінші таймның ортасында қақпа алдындағы қарбаласта Арьен Роббен мергендік танытты. Қонақтарда таразы басын теңестіретін мүмкіндіктер болған. Бірақ Уэльс футболшылары ұрымтал тұстан мүлт кетіп жатты. Ал үзілістен кейін Джермейн Ленс есепті еселей түсті. Бұл шабуылды бастаған Уэсли Снейдердің тамаша пасын да атап өткен жөн. Әлем чемпионатында голландиялықтар В тобында Испания, Чили және Австралияға қарсы ойнайды.
Шайбалы хоккейден Стэнли Кубогы жолында өз айдынында “Нью-Йорк Рейнджерсті” қабылдаған “Лос-Анджелес” финалдық серияның алғашқы матчында жеңіске жетті.
Қонақтар үшін барлығы жақсы басталған. Бенуа Пайо мен Карло Хагелинның шайбаларынан кейін “Рейнджерлер” 2:0 есебімен алда тұрған. Бірақ Кайл Клиффорд пен Дрю Даути таразы басын теңестіріп кетті. Ал овертаймда айдын иелері сапында Джастин Уильямс шешуші шайба соғып өз командасына жеңіс сыйлады. Төрт жеңіске дейін жалғасатын серияда әзірге “Лос-Анджелес” 1:0 есебімен алда тұр. Қарымта кездесу 7- маусымда өтпек.