«Оқы орындарында «Дінтану негіздері» курсын оқыту мәселелерін реттейтін нормативтік базаны тексере келе, Білім және ғылым министрлігі аталған курстың сапасын қамтамасыз ететін шараларды қолға алмады деген қорытынды жасадық.
Атап айтсақ, курсты оқыттын мұғалімдердің біліктілік деңгейіне қойылатын талаптар әлі күнге дейін анықталмаған», – делінген бас прокуратура сайтында жарияланған материалда.
Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, орта мектептердің әкімшілігі курсты оқытатын мұғалімдерді таңдағанда министрліктің 2010 жылғы «Дінтануды жоғары санаттағы мұғалімдер жүргізуі тиіс және олар әр бес жыл сайын қайта даярлықтан өтіп, сертификат алуы тиіс» деген нұсқаулық-әдістемелік хатын басшылыққа алады.
«Ал, жекелеген аймақтарда аталған пәнді қайта даярлықтан өтпеген мұғалімдер оқытып жүр. Мәселен, Ақтөбе облысында 291, Шығыс Қазақстан облысында 120, Павлодар облысында 55, Батыс Қазақстан облысында 16 мұғалімнің сертификаты жоқ», — делінген хабарламада.
Ведомство курсты оқытудың әдістемелік тәсілдеріне ерекше алаңдаушылық білдіріп отыр.
«2011 жылы басылып шыққан «Дінтану негіздері» оқулығы еліміздегі діни ахуалға сай келмейді. Соған қарамастан ол әлі күнге дейін оқу процесінде пайдаланылып келеді», — делінген хабарламада.