–Шымкент-Алматы-Сарыағаш, 800 теңге
Жетісайдың кіре берісіне салынған осы автовокзал 16 жылдан бері халыққа қызмет етіп келеді. Биылғы қаңтар айынан бастап оған іргелес жерден автотұрақ салынған. Бірақ ондағылар бүйректен сирақ шығарып, жолаушы таси бастапты. Енді қос тарап күнде қырқысады.
Автотұрақ әрі техникалық қызмет көрсету орталығы ретінде ашылған жаңа нысанның жігіттері бейнекамераны қолымен көлегейлеп, енді бірі мүлдем қашып кетті. Тіпті жолаушы таситын көліктерін де алып кетіп жатыр. Ал олардың күнделікті тірлігіне біз де куә болдық.
Мақсат Тәжіханова, жолаушы:
-Он-он баладан келеді қоршап алады. Сөмкеміз бір жақта, баламыз күйеуіміз бір жақта қалады құлап. .Ондай болмайды ғой. Адам өзі келіп беймарал отыруы керек машинаға.
Ал ресми вокзалда тұратын көліктер клиенттен қағылмас үшін жаға жыртысуға дайын. Әйтпесе, күнделікті жоспары орындалмайды. Тіпті текетіресте жеңіп шығу үшін төбелеске шымыр жігіттерді тартуға тырысады екен.
Бекжан Үсетаев, көлікке клиент жинаушы:
-Келетін клиент адам сияқты отыра алмайды газельге. Қолынан тартамыз, сөмкесін жыртамыз осы жерде күніге. Біздің де план бар аға.
— Екінші тараппен төбелес болып тұрады ғой?
– Төбелес сағат сайын ғой.
-Қаңтардан бері осындай.
Автотұрақ қожайыны бейнекамераға сөйлегісі келмеді. Шаруамда шикілік жоқ деп бет бақтырмады. Ал көп жылдан бері жұмыс істеп тұрған вокзал миллиондап шығын көруде.
Асан Айтбаев, автовокзалдың өкілі:
-Оның әсері бізге тиіп жатыр. Бізде өз салығымызды төлей алмай жатырмыз және салық төлеуге өте ыңғайсыз болып жатыр бұл жерде. Оның арты үлкен жанжалға ұласуда. Бірақ, бұл жерде біз заңды құқықтық органдарға жазбаша хабарласқанбыз. Бірақ, әлі де ешқандай нәтижесін көріп жатқан жоқпыз.
-Вокзал өкілдері нәтиже көрмесе де, нәтиже бар. Тек мардымсыз әрі күлкілі. Наурыз айында заңсыз вокзалдың іс әрекетін тексерген құзырлы мекемемелер Нұртаза ата нысанының басшысына қатысты айыппұл салған. Айыппұл мөлшері 10 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл 18 мың теңгеден сәл-ақ асады. Кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін жарияланған мораторий бұдан артық жазаға тартуға қолбайлау болып тұр екен.