Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа желі электр қуатын үнемдеуге, экологиялық қауіпсіздікті жақсартуға және еңбек өнімділігін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді.
Жобалық қуаты 1,5 млн тонналық өндіріс орны 2015 жылы толық өнім ала бастамақ. №5-ші желі өңір тұрғындарын 115 жұмыс орнымен қамтиды.
Жалпы құны 12,3 млрд теңгелік жоба мемлекеттік жеделдетілген индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі аймақтық үйлестіру кеңесін отырысында мақұлданған болатын.
Дүйсенбі күні жаңа технологиялық желіні іске қосу шарасына облыс басшысы Бауыржан Әбдішев, Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Рау және «Қарағандыцемент» АҚ бас директоры Ган Чи Лионг қатысты.
«Бұл өндірістің іске қосылуы президент Нұрсұлатн Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленген мемлекеттік индустриаландыру және экономиканы әртараптандыру бағдарламасының аймақта табысты жүзеге асырылып жатқандығының айқын дәлелі», — деп атап өтті әкім кәсіпорын жұмысшыларының алдында шығып сөйлеген сөзінде.
Салтанатты шарадан кейін облыс әкімдігі, аймақтағы құрылыс компаниялары мен «Central Asia Cement» АҚ өзара ынтымақтастық жөніндегі ниет туралы меморандум бекітті.
«Central Asia Cement» АҚ 1998 жылы құрылды. 2000 жылы Қарағандыценмент» және «Қарағандыконтракт» АҚ құрамына кірді..
Қазіргі таңда САС компаниясының қожайыны STEPPE CEMENT HOLDINGS B.V. компаниясы (Нидерланд Корольдігі).