Павлодарда мемлекеттік қызметкер 5 жасар баланы ұрып тастады - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
29 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Павлодарда мемлекеттік қызметкер 5 жасар баланы ұрып тастады

Павлодарда мемлекеттік қызметкер 5 жасар баланы ұрып тастады

Павлодарда жұртшылықты елең еткізген сот процессі аяқталды. Айта кетейік, жалғызбасты ана 5 жасар сәбиімді шенеунік ұрып-соқты деп полицияға арыз түсірген еді. Осыдан бір ай бұрын ойын алаңында ойнап жүрген Ескендір Спорт басқармасының инспекторынан таяқ жеп, үйіне жылап қайтқан. Келе сала, көрпеге тығылған баланың шошынғаны соншалық, бірнеше күндей тіс жармапты. Кейін, бар жағдайды көршісінен естіген 32 жастағы анасы, ақыры, заң өкілдеріне жүгініп, әділдікке жетті. Алайда мемлекеттік қызметкердің қорғаушысы істің қайта қаралуын талап етемін деп отыр.

  • 12 Маусым 2014
  • 280
Фото - Caravan.kz

Ойын алаңында басталған ырың-жырыңның сот залында жалғасарын Спорт басқармасының инспекторы ойламаса керек. 10 жасар қызынан допты тартып алған Ескендір ескертудің көкесін көріпті — қолы сырылып, шекесі ісіп кеткен. Шошынып қалғаны сонша, шешесі Динарасыз алаңға аттап баспайды. Ал, маңдайына тас тигенімен тілшілерден тасада қалғысы келген шенеунік, амалсыздан, бүгін адвокатымен бірге келді.Ұрмақ түгілі, тіл тигізбедім деп азарда-безер болған Жанар Әбіш, ақыры, кінәлі деп танылды. Соған қарамастан, қорғаушысы үкіммен келіспей отыр.

Владимир Борман, Ж.Әбіштің адвокаты:

-Құрбанованың мүддесіне ыңғайлы ойластырылған қойылым бүкіл құқыққорғау жүйесін, тіпті, сот билігін де Әбішеваның айыпталуымен аяқталуына бағытталған сыңайлы. Мүлде ештеңе дәлелденген жоқ.

Дегенмен, қорытынды сөзін жария еткен төреші кінәлі шенеунікке 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуді міндеттеді. Бірақ, бұл жаза тым жеңіл дейді Ескендірдің анасы.


Динара Құрбанова, Ескендірдің анасы
:

Кішкене көбірек салса, онда адам түсінуші еді. Кішкентай бала ғой. Бұл үлкен адамдарды ұрып тастаса да осындай айыппұл мысалы, кішкентай  баланы ұрса да бірдей айыппұл. Баланы ұрды ма, үлкенді ұрды ма, айырмашылық жоқ бұлбапта.

Осындай жағдай тура екі апта бұрын Екібастұзда да болған. Мұнда да, қаланың бас коммуналшысы маза бермеген балаларды таяқтап, тезге салуға тырысқан. Оған да іле-шала бұзақылық дерегі бойынша іс қозғалған еді. Ал, айыппұлмен оңай құтылғанына қарамастан павлодарлық шенеуніктің адвокаты істің қайта қаралуын талап етемін деп бекініп отыр.