Алматыда арзан көлік аламыз деп алданғандар наразылық шарасына шықты - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
29 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда арзан көлік аламыз деп алданғандар наразылық шарасына шықты

Алматыда арзан көлік аламыз деп алданғандар наразылық шарасына шықты

Араб Әмірліктерінен тасымалданатын темір тұлпарларды кедендік төлемсіз кіргіземіз дегендер жұрттан тапсырысты үйіп алған. Сондай уәде беріп, бас-аяғы 500 мың долларды қалтаға басқан “Әлшейхмоторс” компаниясы артынша із суытып кетті. 40-қа жуық жапа шегушінің арызынан соң ғана құзырлы орындар компания директорын құрықтапты. Бүгін сот процесі өтті. 

  • 12 Маусым 2014
  • 355
Фото - Caravan.kz

Қырық қаралы адамның құзырлы орындардың табалдырығын тоздырғанына жылдар өтті. Кедендік салық еселенгенде Араб Әмірліктерінен көлік алып үлгере алмаған жұрт “Әлшейхмоторс” компаниясына жүгінген. Түрлері тартымды, менеджерлерінің сөздері сенімді болды дейді ел. Кедендік төлем төлетпей өз бағасына автокөлік әкеп береміз дегендерге жұрт бар ақшасын арқалап апарған, бас-аяғы 500 мың доллардан асады. Бірақ уәде бергіштер сол күйі ізім-ғайым жоқ.

Анна Логинова, жәбірленуші:

-Олардың кеңселеріне келгенде буклет көрсетті, келісімшарт жасасты. Бәрі заңды боп көрінген. 1 айға жеткізбей жаңа көлік әкеліп береміз деді. Тіптен кеңселерінде тапсырыс берген көліктерін алып кетіп жатқан адамдарды көрсетті. Сөйтсек барлығы біз үшін жасалған қойылым екен. Қазар автокөлік те, ақша да жоқ далада қалдық.

Тегін темір тұлпар тақымдаймыз деп тақырға отырғандар осылайша сең соққан балықтай сенделіп жүр. Құзырлы орындарға арыз тапсырған 40-қа жуық адам. Бірақ олардың қатары тәулік сайын толығып келеді. Ал “Әлшейхмоторстың” қулығына құрық бойламайтын директоры құрықталып, оған қарсы сот процесі өтіп жатқанын жәбірленушілер тек ғаламтор арқылы біліпті. Үшінші оқылым болғанымен, бүгін мұнда бірінші рет келдік дейді. Ашық процеске судья тілшілерді кіргізбеді. Ал алданғандар амал таппай жүргенде, қамаудағы директордың қорғаушылары бізден қашты, туыстары жазықсызбыз деп салды.

Тағы бір тосын жайт, “Әлшейхмоторста” жұмыс істеген 23 жасар жігіт тергеу барысында жәбірленген жұрттың пайдасына куәлік берген. Қазір қамаудағы бұрынғы директорының заңсыз әрекеттерін әшкерелепті. Бірақ сот процесіне 8 күн қалғанда жас жігіт көз жұмған, қанынан өлімге әкелетін 8 түйір дәрі табылған.


Темір тұлпар тақымдаймыз деп қапылған қарашаның қаржысын қарпып жоғалған компания міне мұнда отырған. Қазір қақпаларына қара құлып ілінген, кеңселері қаңырап бос жатыр. Қазіргі таңда компания өз жұмысын ресми түрде тоқтатыпты. Сол себепті көлік тасығыш компанияның өкілдері бұған дейін жасалған келісімшарттардың күшін ресми түрде жоя ма де жүрексінеді жұрт.