Бұл жайында бүгін ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 27-ші жалпы отырысын қорытындылаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Біздің сарапшылармен, сіздермен ақылдасқан Үкімет маған баян етті, 28-ші отырыстың келесі тақырыбын «Қазақстандағы агробизнесті дамыту» деп таңдаймыз. Меніңше, бұл тосыннан емес. Барлықтарыңызға да Дүниежүзілік банктің зерттеулері көрсетіп отырғандай, азық-түлік тұтынушылық өсе түсетіндігі белгілі. 2050 жылға қарай адамзат саны 9 млрд.-ты құрайды және азық-түлік қажеттілігі 2 есеге артады», — деді Елбасы.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстанда ауыл шаруашылығына жарамды жердің мол екендігін баса айтты.
«Тек жайылымның өзі 200 млн. гектар. Егістікке жарамды егіс алқабы 45 млн. гектар. Егер олардың өнімділігін 30 пайызға арттыратын болсақ, біз азық-түліктің мол өнімін ала аламыз. Гектарынан 12-15 центнер алғанның өзінде біздер қазірдің өзінде 10 млн. тонна азықтық астықты экспорттап отырмыз. Бүгінгі таңда басқа да елдерге, ең алдымен Ресейге ет өнімдерін жеткізу бойынша ауқымды бағдарламаны шешудеміз», — деді Қазақстан Президенті.