Шығыс Қазақстан облысының мектептерінде сотталғандар жұмыс істеп жүр - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
28 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шығыс Қазақстан облысының мектептерінде  сотталғандар жұмыс істеп жүр

Шығыс Қазақстан облысының мектептерінде сотталғандар жұмыс істеп жүр

Шығыс Қазақстанда орта білім беру мекемелері жаппай тексеруден өтуде. Бүгін оның алғашқы қорытындысы жарияланып, біраз мектептегі былықтың  беті ашылды. Облыстағы он екі білім ошағының директорлары біліксіз боп шыққан. Ал шалғай ауылдардағы мектептерде тіпті сотталғандар да жұмыс істепті.   

  • 13 Маусым 2014
  • 231
Фото - Caravan.kz

Шешілмеген шаруасы бастан асып жатса да, бұған дейін жұмған ауыздарын ашпай келген білім саласының қызметкерлері жиналысқа бір кісідей жиналды. Мектеп директорларын шақыртқан прокурорлар бірнеше ай бойы жүргізген тексерудің нәтижесін жайып салды.

Бағбан Тайымбетов, Шығыс Қазақстан облысының прокуроры:

-Сіздің салаңызға қатысты бірнеше келеңсіздікті мысалға келтіре аламын. Үржар ауданындағы орта мектепте бұрын зорлық жасап, түрмеде отырып шыққан Шотанбеков деген азаматтың 2008 жылдан бері жұмыс істеп келгеніне не дейсіз?!

Ата-аналардан көбіне мектепте ай сайын ақша жиналатыныны туралы арыз түседі екен. Айта-айта жауыр болған оқулық тапшылығы мен апатты жағдайда тұрған білім ошақтарының жағдайы да тілге тиек етілді. Ал тиісті салаға жауапты облыс әкімінің орынбасары қирағалы тұрған мектептерге қатысты сынға түзету енгізуге асықты.

Жақсылық Омар, ШҚО әкімінің орынбасары:


-Соңғы жылдары жаңа мектеп салуда Шығыс Қазақстан елімізде алдыңғы орында келеді. Біз Оңтүстік Қазақстан облысынан кейін тұрмыз. Соңғы екі жыл ішінде  отыздан астам жаңа мектеп салынды.  

Облыстағы он екі мектептің директорлары біліктілік деңгейі сай келмесе де лауазымды орынды иеленіп келген. Бұдан бөлек мемлекеттік тендерді заңсыз өткізіп, бюджет қаржысын жымқырған 19 орта білім беру мекемесіндегі басшылардың былығы да әшкереленді.

Кезекті оқу жылы аяқталғанымен, ұстаздар мен әсіресе мектеп басшылары  үшін демалыстың ауылы әлі алыс сияқты.  Себебі прокурорлар өткізген бұл жолғы алқалы отырыста  білім ошақтарын тағы бір кешенді тексерулер күтіп тұрғаны белгілі болды. Жемқорлық мектептерді жайлаған деп ашынған прокурорлар келесі тексерулерді қаржы полициясымен бірлесе өткізбек.