Үй мемлекеттік бағдарламамен салынып жатыр дегенді алға тартқан атқамінерлер осы маңдағы жұрттың айғайын сол жолы да құлақтарына ілмеген. 5 қабатты екі тұрғын үй салынып бітісімен жұрттан маза кетті. Тегіс жерді биіктетіп көтергені сонша, тұрғындар жаңбырлы күні батпақ кешетін болған. Ал дәл ортадағы мына қоқыс жәшігі баршаның бас ауруына айналды.
Тиыштық Ғазизова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
— Міне, мынаған… еңбектеп шығу керек мынаған. Не нәрсеге жатады осы. Қандай заманда тұрмыз, қандай заманда?! Мыналар бізді үстімізден қарап тұрады. Күліп отыр. Мына кемпірлер 4 аяқтап шығып жатыр деп. Өлгенміз керек пе? Басқа не нәрсе?
Құрылыс кезінде аула қоршаулары да қираған. Басшылар жаңа үй жоба бойынша салынған деп түсіндірген болды. Ықшамаудандағы 6 бірдей көпқабатты үйге кіріп шығудың қиындағаны сонша, жұрт шенеуніктерге бір амалын табыңдар деп талап қойды.
Коммуналдық қызмет мекемесінің басшылары мен қаланың бас тазалық дәрігері халыққа мән-жайды барынша түсіндіріп бақты. Жаңа үйлерге тапсырыс беріп, нысанды қабылдап алған құрылыс бөлімінің басшысы жұртты көріп қашуға қамданғанымен, тілшілерді көріп амалсыз тоқтады.
Шамрат Сәдуақасов, Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
-Бәрін бірдей қамти алмаймыз ғой. Қалада ақша жоқ. Өткен жылы аулаларға арналған бағдарлама болған. Сол жылы қосамыз деп едік, бұл аула кірмей қалды. Енді келер жылы ойластырамыз.
Жаңа үйді комиссия қабылдап алғандықтан, бұл шаруаға енді әкімдік жауапты болуы тиіс. Сондықтан қала қазынасына ақша түскенше тұрғындардың шыдай тұруына тура келеді.