Берлинде Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өтті - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
29 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Берлинде Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өтті

Берлинде Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өтті

Германия астанасы – Берлинде Еуропа қазақтарының дәстүрлі кіші құрылтайы өтті. Бұл шараға кәрі құрылықтың 10-нан аса мемлекетінде өмір сүріп жатқан ағайын жиналды. Олардың бас қатырар бірінші мәселесі – тіл. Әрқайсысы кемінде әлемнің 4 тілінде еркін сөйлейтін қандастарға қазақ тілінің ғаламтордағы көмегі шамалы.

  • 13 Маусым 2014
  • 297
Фото - Caravan.kz

Берлинде өмір қайнап жатыр. Бұл шаһар барша Батыс Еуропаның экономика мен мәдени астанасы. Өткен ғасырда қос Германияны бөліп тұрған сызатты қабырғадан із жоқ. Бүгінде бұл – саяхатшылардың көп шоғырланып, суретке түсетін сүйікті мекені ғана.

Берлинде 25 қазақ отбасы өмір сүрeді. Олардың алғашқы легі өткен ғасырдың 60-шы жылдары  Түркиядан қоныс аударған. Бешерханның Германия астанасына тұрақтағанына 13 жыл болыпты. Жайлы жеке үйі, компьютерлік бағдарлама даярлайтын жеке қызметі бар. Үй бетін көрмеген  бір  аптада Хан мен Жан әкесін сағынып қалса керек. Егіз ұлы түрік тілінде ептеп тіл сындырады,  алманша сайрап тұр.

Бешерхан Малбаққан,  Берлин қазақтары қауымдастығының төрағасы:

Мектепке барғанда немісше сөйлейді, үйге келгенде сол немісше айтып кетеміз. Менің ойым —  бұл балаларды Қазақстанға апарып 1-2 ай ата жұртты көріп, сол жақта балалармен кездесіп үйренсе деп.

Құрылтай тойланатын емес, ойланатын жер. Шалғайда жүрген қазақтың  көкейіндегі тауқымет ортақ. Ана тілді сақтау, теледидардан қазақ  балалар  хабарын  көру және еңбек  квотасы.


Талғат Мамашев, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары:

Мына Еуропада жүрген 10-15 мың қазақ Қазақстанға келіп біздің санымызды көтермейді. Бірақ Еуропада жүрген соң қазақы салтын сақтап, тілін, ділін ұмытпай мен қазақпын деп жүрсе сол дұрыс

 Еуропадағы қазақтар қауымдастығының төрағалары екі жылда бір ауысып тұрады. Ал кіші құрылтай жыл сайын әр мемлекетте кезекпен өтеді.

Әбдулқайым Кесіжі, Еуропадағы қазақтар қауымдастығы федерациясының төрағасы:

Шет елдегі ағайынның кездесетін проблемасы —  тіл. Ана тілі, ұлттық салт-дәстүрдің сақталуы. Сондықтан осы басқосу арқылы әр ағайынның басын бір жерге қосып, бір жерде дидарласуын қамтамасыз ету.

Құрылтайдың қызығы екінші күні жалғасты. Қазақша күрес, асық ату ұлттық ойындары алыстағы ағайынға  таңсық. Мұндағы қандастарымыз халық әндерін де сағынып қалыпты. Біздің өнерпаздар репертуарын табан астында түрлендіріп үлгерді. Ал Мақпал Жүнісова шыққанда, сахна би алаңына айналды.