Алматыда көпқабатты үйден шыққан өрт ондаған отбасыны қалада қалдырды - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
29 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда көпқабатты үйден шыққан өрт ондаған отбасыны қалада қалдырды

Алматыда көпқабатты үйден шыққан өрт ондаған отбасыны қалада қалдырды

Алматыда көпқабатты тұрғын үй өртеніп, 6 отбасы далада қалды. «Жұлдыз» ықшамауданындағы үйде тұтанған өрт лезде жоғарғы қабатқа тарап, оны түгел шарпыған. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер 75 тұрғынды қауіпсіз жерге көшірді. Алдын ала болжам бойынша, өртке электр желісінің тұйықталуы немесе шатырда жүргізілген дәнекерлеу жұмысы себеп болуы мүмкін.

  • 13 Маусым 2014
  • 226
Фото - Caravan.kz

Өрт шамамен күндізгі сағат 11 жарымда тұтанған. Үйдің шатырын жалынның қатты шарпығаны соншалық, жоғарғы қабат толықтай жанып кеткен. Соның салдарынан 6 отбасы баспанасыз қалып отыр. Тұрғындар өрт сөндірушілер жедел қимылдағанда, залал әлдеқайда аз болар еді дейді.

Владимир Боков, Алматы қаласының тұрғыны:

Біз келгенде екі өрт сөндіру көлігі тұрды. Тез келгенімен суы жоқ болып шықты. Кейін қысым аз болып, тек төменгі қабаттарға су шашқан. Олар бастапқыда өртті сөндірудің амалын емес, төменгі қабаттарды құтқарудың амалын жасаған сияқты болды.

Алты жыл бұрын ғана қолданысқа берілген ғимараттың алтыншы қабаты мансард есебінде салынған екен. Онда бүгінге дейін алты отбасы тұрып келген. Шатыры ағашпен жабылып, қабырғасы тез тұтанатын пенопласт және гипсокартонмен қапталғандықтан өртті ауыздықтау қиынға соққан. Тұрғындар үйден ештеңе алып үлгермей, кейбір отбасының құжаттары да жанып кетіпті.

Қалалық өрт сөндіру қызметі бар күшін жұмылдырғанымен, жалын үш сағаттан соң ғана ауыздықталды. Алдын-ала есеп бойынша 400 шаршы метр жер өртенген. Қауіпсіз аймаққа 75 тұрғын шығарылып, үйінде жалғыз қалған қос бүлдіршінді құтқару үшін есікті бұзуға тура келіпті.


Игорь Сывороткин, Алматы қалалық ТЖД өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары
:

-Өзге пәтерлерге өрт жетпегенімен оларға да зақым келтірілді. Мәселен ыстанып, қабырғалары сыздануы мүмкін. Өртті сөндірудің осындай жағымсыз нәтижелері болып тұрады.

Алдын-ала болжам бойынша, өрттің тұтануына электр желісінің тұйықталуы немесе шатырда жүргізілген дәнекерлеу жұмысы себеп болуы мүмкін. Мансард тұрғындары осыдан екі апта бұрын шатырды жөндеу жайлы өтініш жасаған екен. Бүгін сол жұмыс басталыпты.

Шатырын жасатамын деген тұрғындарға енді уақытша баспана іздеулеріне тура келеді. Себебі олардың пәтерлеріндегі дүние-мүліктің барлығы күлге айналған. Одан өзге төменгі қабаттарға су өтіп, ішіндегі жиһаз бен жеке заттарының барлығы бүлініпті. Арнайы комиссия келтірілген шығын көлемін есептеуде. Ал сараптама қорытындысы бойынша кінәлі деп танылған тұлға соны өтейтін болады.