«Махамбет ауданындағы Ақжайық ауылы маңындағы сарматтар дәуіріндегі қорғанды қазуда алтын білезіктер мен сырғалар, киімге тағылған алтын әшекейлер табылды. Сондай-ақ табылған олжалардың арасында темірден жасалған қанжар мен семсер, қола айна, керамикалық ыдыстардың сынықтары, садақ ұшы бар. Қорым біздің заманымызға дейінгі 5-ші ғасыр мен — біздің жыл санауымыздың 5-ші ғасыры арасындағы кезеңге жатады», деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің археологиялық тобының жетекшсі Марат Қасенов.
Әуелде қанжар мен семсер табылғасын жерленген сармат жауынгері деп топшылағанбыз. Бірақ та ғалымдар сармат әйелдері де қолдарына қару алып, ерлермен бірге шайқасқа қатысқанын дәлелдеді, тіпті ежелгі тарихшылардың жазуынша, егер қыз өзінің алғашқы жауын өлтірмесе, күйеуге шыға алмайтын да салт болған. Сондықтан да болса керек, әйелді қару-жарақтарымен бірге жерлеген. Оған тағы бір дәлел — қабірден табылған қола айна. Мұндай заттар әйелдер жерленген қорымнан ғана табылады.
Қорғанды қазу жұмыстары жалғастырылуда. Жерленген бейіт оның шетінен табылған. Сондықтан да оның орталық бөлігінен де қызықты жәдігерліктер табылып қалуы мүмкін.
Атырау облысындағы ежелгі қорғандарды қазу жұмыстары біраз үзілістен кейін өткен жылы қайта жалғасты. Оған университет археологтардың Индер ауданынан ежелгі жерленген орындарды табуы себеп болды. Одан күміс әшекейлер табылған болатын. Алтын бұйымдарды студенттер алғаш рет тауып отыр.
