Алматыда борышкерлер Келімбетовтың отставкаға кетуін талап етті - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+31 °C
Алматы
2026 Жыл
28 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда борышкерлер Келімбетовтың отставкаға кетуін талап етті

Алматыда борышкерлер Келімбетовтың отставкаға кетуін талап етті

Алматыда борышкерлер тағы да шу шығарды. Кезінде ипотекаға пәтер мен жер телімдерін алған олардың талабы да сол бұрынғы – қарыздарын кешіре салып, борышкерлерге қатысты жүріп жатқан сот істерін тоқтату. Алайда бұл жолы да өздеріне қажетті жауап ала алмай, ақыры Ұлттық банк алдындағы наразылық шарасы бас банкирді отствакаға кетіруді талап етумен аяқталды.

  • 19 Маусым 2014
  • 434
Фото - Caravan.kz

— Қарызымызды сызып тастасын! Кешірсін. Талап етеміз.

Осылайша, айқайға басып, ішке енбек болған 50-ге жуық борышкер Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетовпен жолығуға әрекеттенген. Барлығының айтпағы бір: «берешегімізді кешірсін» дейді. Алайда мұндайға үйреніп алған банк қызметкерлері тас-түйін дайын отырса керек, қақпасына құлып салып қойыпты.

Бұл азаматтар кезінде ипотекаға баспана мен жер телімдерін алған. Кейіннен қаржы тапшылығынан қарыздарын қайтара алмай жүр. «Енді банк жалғыз баспанамызды тартып алып жатыр» деп ашынады.

Мәми Қабылбеков, борышкер:

— Шулап жүрген халықты өтірікші қылып көрсеткісі келеді. Олай емес. Бізде неше түрлі адам бар. Аурудың бәрі осында. Қант диабеті, рак неше түрлі аурудың бәрі осында жүр. Бәрінің жүйке жүйесі жұқарған. Менде де сол.

Қайрат Келімбетовтен қарызын кешіруді сұраған жұрт көп ұзамай осы сөздеріне құлақ аспаған банк төрағасының отставкаға кетуін де талап етті.


— Келімбетов отставкаға кетсін! Кетсін.

Ал кейіннен наразы жұрттың алдына шыққан Ұлттық банктің өкілі ертең арнайы топ құрып, борышкерлердің мәселесін қарастыруға тырысатынын айтты.

— Ертең әр банктің өкілдерін шақырамыз. Журналистерді шақырамыз. Сіздер де келіңіздер. Дөңгелек үстел басында отырып әңгімелесеміз.

Алайда оның сөзіне иланбаған жұрт айтқан сөзін қағазға түсіріп қолын да қойдырып алды. Айта кетсек, борышкерлердің бұл алғашқы бас көтеруі емес. Олар бұған дейін де банктің алдында талай рет шу шығарып, қарыздарын кешіруді сұраған. Бірақ бұдан еш нәтиже шығар емес.